Glovo компаниясы осы жайтқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Күні кеше Алматыда курьердің әдепсіз әрекеті видеоға түсіп қалғанын жазғанбыз.
"Сейфуллин атындағы тұрғын үй кешенінде болған оқиғаға қатысты бейнежазбаның таралуына келсек, Glovo компаниясы келесіні мәлімдеуді қажет деп санайды. Аталған адам 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап Glovo-мен байланысты емес. Glovo компаниясы курьерлерді қосу және қызмет сапасын бақылау барысында қатаң стандарттарды ұстанады. Платформа белгіленген этикалық және кәсіби нормаларға сәйкес келмейтін тұлғаларды жедел анықтап, толық бұғаттауға мүмкіндік беретін мониторинг жүйесін қолданады. Тиісті шаралар аталған оқиғадан әлдеқайда бұрын қабылданған", – делінген компанияның ресми мәлімдемесінде.
Glovo компаниясы тергеу аясында құқық қорғау органдарымен толық көлемде ынтымақтастық жасауға дайын екенін жеткізді.
"Біз орын алған жағдайға байланысты шынайы алаңдаушылығымызды білдіреміз және мұндай әрекеттер компания құндылықтарына түбегейлі қайшы келетінін атап өтеміз", – деп хабарлады Glovo.