Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Қытай Халық Республикасы Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Ли арасындағы кездесу барысында Гонконг – Алматы – Гонконг бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың бірінші тоқсанынан бастап Cathay Pacific әуе компаниясы аталған бағыт бойынша тұрақты рейстерді іске қосуды көздеп отыр. Кездесуге компанияның клиенттермен жұмыс және коммерциялық мәселелер жөніндегі директоры Лавиния Лау да қатысты.
Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, рейстер Airbus A330-300 кең фюзеляжды ұшақтарымен аптасына үш рет орындалады. Бұл бағыт Гонконг пен Қазақстан арасындағы алғашқы әрі жалғыз тікелей әуе қатынасы болмақ.
Cathay Pacific – Гонконгтың жетекші әуе компанияларының бірі. Тасымалдаушы әлемнің 200-ден астам бағыты бойынша жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асырады.
Жаңа рейстің ашылуы Қазақстан, Гонконг және Азия-Тынық мұхиты өңірі арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік байланыстарды дамытуға, сондай-ақ еліміздің халықаралық әуе маршруттары желісін кеңейтуге мүмкіндік береді.