Батыс Қазақстан облысында білім беру саласындағы мәселелерді шешіп беремін деп тұрғындардың ақшасын иемденген 35 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлады inbusiness.kz сайты.
Тергеуге Орал қаласы тұрғынының арызы себеп болған. Ол күдікті әйелдің ақылы бөлімде оқитын ұлын грантқа ауыстырып беруге уәде етіп, 50 мың теңгесін алғанын айтқан.
Тексеру барысында әйелдің осыған ұқсас жолмен бірнеше адамды алдағаны анықталды. Ол педагогтерге санаттық тестілеуден өтуге көмектесіп, қажетті балл жинап беруге уәде еткен. Осы қызметі үшін бір тұрғыннан 60 мың, екіншісінен 120 мың теңге алған.
Сондай-ақ бірнеше адамға магистратураға түсіруге және жоғары оқу орнының дипломын алып беруге уәде еткен. Күдікті тұрғындардан қызметіне қарай 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін алдын ала төлем алып, алайда уәделерін орындамаған.
Жалпы, қылмыстық іс тоғыз эпизодтан тұрады. Тергеу жүргізілді. Қазіргі уақытта іс сотқа жолданды.