2024 жылдың мамырында Гренландиядағы мұздықтар әдеттегімен салыстырғанда 17 есе жылдам еріген. Бұл туралы метеорологиялық құбылыстарды зерттейтін World Weather Attribution (WWA) ұйымының зерттеуінде айтылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мамандар Исландиядағы метеостанциялардың 84%-ы "рекордтық температураларды" тіркегенін атап өтті. Ауа температурасы 1991-2020 жылдардағы орташа көрсеткіштен 13 градусқа жоғары болған. Мамырдың 15-і күні Исландияда термометр бағаны 26 градустан асып, бұл солтүстік Атлантика елінің климаттық нормалары үшін тосын жайт болды.
Ғалымдардың пікірінше, мұндай ыстық "100 жылда бір рет" қайталануы мүмкін. Алайда климаттың өзгеруі мұндай құбылыстарды жиілетуі ықтимал.
– Исландия мен Гренландияның инфрақұрылымы суық ауа райына бейімделген. Сондықтан мұздың жылдам еруі жолдар мен ғимараттарға зақым келтіріп, су тасқынына себеп болуы мүмкін, – дейді зерттеушілер.
Гренландия туралы қысқаша
Гренландия – әлемдегі ең үлкен арал. Аумағы 2,16 миллион шаршы шақырымды құрайды. Арал Арктика аймағында орналасқан, мұнда жазда орташа температура +10°C, ал қыста –10°C шамасында. Тұрғындар саны шамамен 57 мың адам. Олардың көпшілігі – инуиттер, халық негізінен аралдың оңтүстік-батысындағы Нуук қаласының маңында тұрады. Гренландияның 80%-ын мәңгілік мұздықтар басып жатыр.