АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияда мұнай, газ және пайдалы қазбаларды барлау жұмыстары дайындалып жатқанын айтты. Арал үкіметі бұл мәлімдемені теріске шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біздің ғажайып Гренландияда жақында мұнай, газ және пайдалы қазбаларды ауқымды барлау жұмыстары басталады. Сарапшылардың сөзінше, мұнай қоры әлемдегі басқа елдердің басым көпшілігінен де асып түседі. Ең бастысы, АҚШ пен Еуропаның қауіпсіздігі, қорғанысы тұрғысынан бұл қорларға ештеңе тең келмейді", – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Гренландияның тау-кен өнеркәсібі вице-министрі Йорген Хаммекен-Хольмнің мәліметінше, америкалық компаниялар бұл салада жұмыс жүргізіп жатыр, бірақ ауқымды барлау туралы айту әлі ерте.
"Қазір кішігірім барлау жұмыстары жиі жүргізіліп жатыр, бірақ оларды пайдалануға беру үшін жылдар керек болуы мүмкін", – деді вице-министр.
Аралдағы көптеген кен орындары солтүстік полюс шеңберінің арғы жағындағы шалғай аймақтарда орналасқан. Онда қалыңдығы бірнеше шақырымға жететін мұз қабаты бар әрі инфрақұрылым дамымаған.
Дания Сыртқы істер министрлігі Американың мұнай барлау жобалары Гренландия заңдарына сәйкес жүргізілуі керектігін мәлімдеді.