Ғылым саласында 51 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығы анықталған

260

Биыл ғылым саласына жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 51 млрд теңге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Ғылым саласында 51 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығы анықталған Фото: ЖИ

Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Смайыловтың сөзінше, ғылыми зерттеулерде және тәжірибелік конструкцияларға жұмсалатын бір пайыздық тетік қолданбалы ғылымның толыққанды құралы бола алмай отыр. Салалық министрліктер іс жүзінде қолданбалы зерттеулерге тапсырыс беруші емес, жер қойнауын пайдаланушылардың есептерін тіркеуші рөлін атқарды. 

"Міндеттемелердің атқарылуы тиісті деңгейде бақыланбады. 147 келісімшарт бойынша 9 млрд теңгеге жуық берешек анықталды. Оның 3 млрд теңгесі талап қою мерзімінің өтуіне байланысты бюджетке түспейді. 4,5 млрд теңгенің міндеттемені орындамағанына қатысты 45 хабарламасы талап-арыз жұмыстары жүргізілмеген. Ғылыми зерттеулерге және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға арналған қаражат іс жүзінде толық көлемде ғылымға бағытталмаған. Мысалы, Astana Hub-та 43 млрд теңге түсімнің 23 млрд теңгесі бағалы қағаздарды сатып алуға жұмсалған. "Самғауда" 15  млрд теңгенің 10 млрд теңгесі депозиттер мен РЕПО операцияларына орналастырылған. Осы операторлардың аталған қаржы операцияларының түскен табысы 14 млрд теңгеден асты. Бұл ретте ғылыми жобаларды бастау мерзімі 215 күнге дейін, ал кейбір жағдайларда 2,5 жылға дейін созылғандығын атап өткен жөн", – деп атап өтті ол.

Нәтижесінде ғылыми зерттеудің бір пайыз тетігі жеткілікті деңгейде сараптама, есепке алу, мониторинг жасалмай, расталған ғылыми нәтижесіз, шашыраңқы жұмыс істейді, дейді ЖАП төрағасы.

Тағы бір мәселе – мемлекеттің ғылым нәтижелерін жүйелі түрде есепке алмай, оны басқара алмауында. 

"Цифрландырудың төмен деңгейі – ғылым саласының нашар басқарудың басты себептерінің бірі. Есепке алу, түрлі қатысушылықтар мен жүйелер арасында бөлек жүргізіледі. Процестердің бір бөлігі қағаз түрінде іске асады. Сондықтан мемлекет  жобаны қаржыландырудан бастап, нәтижесіне жету олардың енгізілуіне дейінгі толық процесін көрмейді. Бұл әсіресе ғылыми зерттеуге және тәжірибелі конструкциялық жұмыстарға жұмсалатын бір пайыздық тетік бойынша байқалады. 32  млрд теңгені құрайтын 159 жоба толыққанды мемлекеттік есептен тыс қалды. Осы жылы ғылым саласына жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 51  млрд теңге қаржылық бұзушылықтар, 47 млрд  теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны 16 млрд теңге шығын және жіберіп алған пайда фактілері анықталды. 36 факт бойынша материалдар әкімшілік істі қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілді", – деп түсіндірді спикер.

Үш факт бойынша аудит материалдарын құқық қорғау органдарына жіберу шешімі қабылданды. Биылғы аудит қорытындысы бойынша Үкіметке бес ұсыным және аудит объектілеріне 66 тапсырма берілді.

Айта кету керек, бұған дейін аудит нәтижелері ғылымды басқаруда бірқатар жүйелі проблеманың сақталып отырғанын көрсеткенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу