Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов аудит қорытындысы бойынша лауазымды тұлғаларға қандай шаралар қабылданғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Аудиттің қорытындысы бойынша 51 млрд теңгеге қаржылай құқық бұзушылық анықталды. Аудиттің жүргізілуі барысында оның 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілді. Қалған қаражат 2027 жылдың бірінші тоқсанында қалпына келеді деп күтіліп отыр. Өйткені бұл жерде тиісті объектілерге берілген нұсқамалардың орындалуын қамтамасыз етілуі тиіс. Жауапкершілікке келетін болсақ, аудиттің қорытындысымен 2 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 4 тұлға қызметінен босатылды. 32 тұлғаға әкімшілік жауапкершілік қаралды", – деді Нұрлан Нұржанов Құрылтайда өткен баспасөз мәслихатында.
Бұдан бөлек аудит қорытындысымен үш материал құқық қорғау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді.
"Біріншіден, Ғылым комитетінің төрағасы жұмыстан босатылды. Ұлттық сараптама және ғылыми техникалық ақпараттандыру орталығының басшысы, Ғылым қорының басшысы лауазымынан босатылды. Осы ғылыми процестерге қатысты бүкіл жауапты тұлғалар қызметінен босатылды", – деп толықтырды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Айта кету керек, бұған дейін Әлихан Смайылов ғылымның нәтижелері формалды көрсеткіштермен бағаланатынын айтқан болатын.