Ғылым саласындағы былық: 13,5 мың сарапшының 75%-ы іс жүзінде жұмысқа қатыспаған

174

Еңбекақыдағы айтарлықтай теңсіздік жойылды. 

Ғылым саласындағы былық: 13,5 мың сарапшының 75%-ы іс жүзінде жұмысқа қатыспаған Фото: canva

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі білім және ғылым саласын қаржыландыру бойынша сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Талдау нәтижесі ғылыми жобаларды таңдау және іске асыру барысында жүйелі олқылықтар бар екенін анықтады. 

"13,5 мың сарапшының шамамен 75%-ы іс жүзінде жұмысқа қатыспағаны белгілі болды. Экспертизаны формальды жүргізу және нәтижелерді белгілі бір үміткерлерге қарай түзету жағдайлары тіркелді. 30 зерттеу бойынша объективтілік принциптерінің бұзылуы анықталып, олардың жалпы құны 11,5 млрд теңге болды", – деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері агенттігі. 

Сарапшы қызметінің құнын есептеу бойынша жаңа әдістеме бекітілді. Еңбекақыдағы айтарлықтай теңсіздік жойылғаны да белгілі болды.

"Бұған дейін шетелдік мамандарға шамамен 400 мың теңге төленсе, отандық сарапшылар орта есеппен 8 500 теңге алған. Еңбекақы төлеуге бірыңғай тәсіл енгізілді, ол тең жағдайларды қамтамасыз етеді және Ұлттық сараптамалық әлеуетті нығайтады", – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек ғылыми әдеп талаптарын бұзған немесе жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етпеген адал емес сарапшылар мен жобалар басшыларының реестрі құрылды. 

Талдау қорытындысы бойынша оқушыларды жалған есепке алу тәуекелдері 2 966 мектепте анықталды. Қазіргі таңда 2 962 мектепке (99,9%) цифрлық бақылау жүйелері енгізілген, бұл нақты оқушылары жоқ мектептерге қаржыландыру мүмкіндігін жояды. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығында жарияланымдар мен гранттық жобалардың нәтижелерін автоматтандырылған есепке алу үшін цифрлық шешімдер енгізілді. Қатысушылардың деректері шифрланып, мүдделер қақтығысының алдын алу қамтамасыз етілді.

Агенттік аталған шаралардың 2026 жылға жоспарланған 270 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу