Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Акбаржон Исмаилов еліміздегі бейбітшілік пен татулық моделінің басты ерекшелігін атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Менің ойымша, Қазақстандағы бейбітшілік пен татулық моделінің басты ерекшелігі – қоғамдағы бірлікті сақтай отырып, баршамыздың ортақ елдік мүдде төңірегінде ұйыса білуімізде. Бұл – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан қоғамдық тәжірибе мен жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі деп білемін. Мен өзім қазақы ортада өсіп, қазақ мектебін аяқтадым. Ата-анам бала кезімнен қазақ халқының тіліне, мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарауды үйретті. Сондықтан қазақ халқының рухани құндылықтары маған өте жақын. Сонымен бірге, әр этностың өз тілі мен дәстүрін сақтап, дамытуына құрметпен қараймын. Меніңше, Қазақстандағы қоғамдық келісім моделінің бір ерекшелігі – осындай өзара құрмет пен үйлесімде", – деді Акбаржон Исмаилов.
Оның сөзінше, Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысының айтқан "Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт" деген тұжырымы осы модельдің мәнін дәл ашады.
"Президент атап өткендей, елімізде жылдар бойы қалыптасқан этносаралық келісім мен өзара құрмет дәстүрі бүгінгі қоғамдық өміріміздің берік негізіне айналды. Ендігі жерде осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, олардың бойында елге деген сүйіспеншілік пен ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастыруға басымдық беруіміз қажет. Сонымен қатар, мен үшін татулықтың нақты көрінісі – қиын сәтте бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ортақ іске жұмыла білуімізде. Мәселен, су тасқыны кезінде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің зардап шеккен өңірлерге көмекке барып, қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуы ел бірлігінің нақты іспен дәлелденгенін көрсетті. Осындай сәттерде азаматтарымыз бір-біріне жанашырлық танытып, ел тағдырына ортақ жауапкершілікпен қарайтыны айқын байқалады. Сайып келгенде, ел ішіндегі татулық әр азаматтың өзін Қазақстанның ортақ тарихы мен тағдырының бір бөлшегі ретінде сезінуінен басталады", – деп атап өтті Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі саналатынын атап өтті. Оның пікірінше, әділдік пен баршаға тең мүмкіндік жасау – Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаты. Бұл бағытта Халық кеңесі қандай жұмыстар жүргізіп жатқаны белгілі болды.
"Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы елдегі қоғамдық келісімді жаңа институционалдық деңгейге көтеріп, мемлекет пен азаматтар арасындағы диалогты кеңейтуге жол ашты. Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың, мәслихаттар мен сарапшылардың өкілдері енуі оның қоғамның кең ауқымды өкілдігін қамтамасыз ететінін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Халық Кеңесі – ел тарихындағы тұңғыш конституциялық консультативтік орган ретінде қоғамның түрлі топтарының үнін мемлекеттік деңгейде жеткізуге мүмкіндік беретін жаңа алаң болып отыр. Мемлекет басшысы Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, медиацияны дамыту, жастар мен еріктілер қозғалысын қолдау, сондай-ақ өңірлердегі Достық үйлерінің әлеуетін тиімді пайдалану сияқты нақты басымдықтарды айқындады. Бұл бастамалар қоғамдық өмірге азаматтардың кеңінен араласуына, түрлі ұйымдар мен бірлестіктердің өзара байланысын күшейтіп, олардың әлеуетін ел игілігіне бағыттауға мүмкіндік береді. Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы ұсынған "Адал азамат", "Заң мен тәртіп" және "Таза Қазақстан" қағидаттарымен де тығыз байланысты. Өйткені адалдық, заңға құрмет және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау – баршамызға ортақ құндылықтар. Ал Әділетті Қазақстанның негізгі өлшемі – әр азаматтың құқығы қорғалып, өзінің қабілеті мен еңбегіне қарай ел өміріне араласуына және дамуына үлес қосуына тең мүмкіндік берілуі деп білемін", – дейді спикер.
Акбаржон Исмаилов Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі ретінде осы жұмыстарға атсалысу – үлкен жауапкершілік деп санайды. Әсіресе, қоғамдағы түрлі көзқарастарды ескеріп, азаматтарды толғандырған мәселелерді ортақ талқылауға шығару, ел ішіндегі өзара сенім мен сыйластықты нығайту бағытындағы бастамаларға үлес қосу маңызды, дейді ол.
Осы тұста "Этносаралық тұрақтылықты нығайтудың қандай жаңа тетіктері қажет?" деген сұрақ туындайды.
"Меніңше, бұл бағытта үш мәселе төңірегінде қарастырған жөн деп есептеймін. Біріншіден, ортақ азаматтық бірегейлікті нығайтуға басымдық берер едім. Қазақстанда тұратын әр азамат өзін осы елдің толыққанды мүшесі, оның бүгіні мен болашағына жауапты азамат ретінде сезінуі керек. Мемлекет басшысы ұсынған "Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт" тұжырымының мәні де осында деп ойлаймын. Әрине, әрқайсымыздың тіліміз бен мәдениетіміз әртүрлі болуы мүмкін, алайда ортақ Отанымыз, тарихымыз бен болашағымыз бір. Осы түсінікті жас ұрпақтың санасына сіңіретін білім беру және қоғамдық жобаларға көбірек көңіл бөлген жөн.
Екіншіден, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі орнын одан әрі кеңейту. Президент Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында қазақ тілін бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамыту туралы айтты. Сондықтан, оның ғылымда, бизнесте, мәдениетте, цифрлық кеңістікте және күнделікті қарым-қатынаста кеңінен қолданылуына жол ашатын бастамаларды қолдау қажет. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейген сайын, оның қоғам өміріндегі орны да нығая түсері сөзсіз.
Үшіншіден, жастардың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті нығайту. Жастардың санасында Отанға деген сүйіспеншілік, мемлекеттік рәміздерге құрмет, ел тарихына тағзым және Қазақстанның болашағына деген берік сенімі терең орныққаны маңызды. Ал мұндай ұстаным – жас ұрпақтың сапалы білімге ұмтылысынан, адал еңбегінен, қоғамдық өмірге белсенді араласуынан және ел дамуына нақты үлес қосуға деген талпынысынан көрініс табады. Өйткені, бүгінгі жастардың азаматтық ұстанымы мен елжандылығы – Қазақстанның болашағы мен тұрақтылығының басты негіздерінің бірі", – деді сарапшы.
Халық Кеңесінің мүшесінің айтуынша, қоғамдық тұрақтылықтың ең сенімді кепілі – азаматтардың өзара сенімі, ортақ Отанға деген сүйіспеншілігі және ел тағдырына деген жауапкершілігі.