Халық микроқаржылық ұйымдарға көбірек жүгіне бастады

915

Микроқаржылық ұйымдардың активтері орташа есеппен жылына 46 пайызға өсіп келеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы ranking.kz зерттеуіне сілтеме жасап.

Халық микроқаржылық ұйымдарға көбірек жүгіне бастады

Осы жылдың бірінші тоқсанының соңында Қазақстандағы микроқаржылық ұйымдардың активтері 574 млрд теңгеге өсті. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 44,3 пайызға артық (былтыр 397,8 млрд теңге болған).

Микроқаржылық ұйымдар секторы елдің қаржылық нарығында жедел дамып келе жатыр. Кейінгі бес жылдың ішінде микроқаржылық ұйымдардың активтері орташа есеппен 43,1 пайызбен өсіп келеді.

Елде шағын және орта бизнес дамығандықтан, микроқаржылық ұйымдардың да рөлі артып келеді. Сектордың қалыптасуын оның үлесі айқындап тұр. Мәселен, 2016 жылы МҚҰ активтерінің үлесі қаржылық нарықтың жалпы активтерінің 0,4 пайызын ғана құраса, қазір 1,6 пайызына жеткен. Ал 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 2 пайызға жетіп қалуы мүмкін.

"Микроқаржылық ұйымдар тарапынан несиелеу көрсеткіші жылдан жылға өсіп келеді. Осы жылдың наурыз айында қарыз портфелі 463,8 млрд теңгені құрап, бір жылда 46,7 пайызға артты. МҚҰ кәсіпкерлікті қолдауға, халықтың тұрмыс-тіршілігін көтеруге және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған микроқаржылық өнімдерді ұсынады. Микроқаржылық ұйымдардың өнімдері екінші деңгейлі банктердікінен қарағанда едәуір қолжетімді. Айта кетерлігі, қарыз портфелінің өскеніне қарамастан, 90 күннен асып кеткен қарыздардың үлесі 5,9 пайыз деңгейінде қалып отыр. Ал бұл тұрғыда рұқсат етілген шек 10 пайыз. Яғни бұл көрсеткіш Қазақстандағы микроқаржылық ұйымдардың жұмысы жақсы жүріп жатқанын көрсетеді", - делінген зерттеуде.

Оның үстіне МҚҰ-да қаржыландыру көзі екінші деңгейлі банктерден қарағанда аз. Микроқаржылық ұйымдардың барлық міндеттемесінің 90 пайызы алынған қарыздардың есебінен жабылады. Ал бұл көрсеткіш жетекші шетелдік ұйымдар тарапына сенімнің жоғары, сондай-ақ сектордың инвестициялық тартымдылығы жақсы екенін паш етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу