Халықаралық дау-дамайларда арағайын болатын ешқандай ойым жоқ – Президент

600

Президент Қазақстанның Еуразия кіндігінде орналасқан ел екенін еске салды.  

Халықаралық дау-дамайларда арағайын болатын ешқандай ойым жоқ – Президент Фото: akorda.kz

Сыртқы саясатқа қатысты жоғары деңгейдегі іс-шаралардың көптігі Қазақстанның абырой-беделі өсіп, халықаралық құқық субъектісі ретіндегі рөлі арта түскенін көрсетеді.  Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Turkistan" газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2025 жылдың екінші жартысы еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды оқиғаларға толы болды. Сіз қысқа мерзім ішінде Бейжіңде, Вашингтонда, Мәскеуде, Анкарада, Абу-Дабиде, Ташкентте, Душанбеде, Бішкекте, Ашхабадта және Токиода болып қайтқан әлемдегі санаулы қайраткердің бірісіз. Өзіңізді ірі халықаралық қақтығыстарды шешу үшін арағайын болуға арнайы шақырады деген де болжамдар бар. Бұл туралы не айтар едіңіз?" – деп сұрады журналист.

"Сыртқы саясатқа қатысты жоғары деңгейдегі іс-шаралардың көптігі Қазақстанның абырой-беделі өсіп, халықаралық құқық субъектісі ретіндегі рөлі арта түскенін көрсетеді. Шетелге жасаған сапарларымнан бөлек, Азия, Еуропа және Таяу Шығыс аймақтарындағы ықпалды мемлекеттердің басшылары Астанаға сапармен келді. Әрбір келіссөзде экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа, әлемдік аренадағы қарым-қатынасқа қатысты маңызды мәселелер көтеріледі. Былтыр экономикамыздағы басымдық берілген салаларды дамыту үшін жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын құжаттарға қол қойылды.

Қазақстан Еуразия кіндігінде орналасқан ел ретінде, әсіресе, қазіргі алмағайып заманда түрлі үдерістен сырт қалмауы керек. Біздің халықаралық қатынастағы негізгі мәселелер туралы өз көзқарасымыз, нақты ұстанымымыз болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында осы әмбебап жаһандық ұйымды реформалауға қатысты Қазақстанның ұстанымын егжей-тегжейлі айтып өткенін жеткізді.

"Халықаралық дау-дамайларда арағайын болатын ешқандай ойым жоқ, сондай-ақ, бірқатар елдердің ұсыныс-пікіріне қарамастан, БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралатын ниетім де жоқ. Бірақ, жабық кеңестер мен пікірталастарға қатысамын, оның үстіне бірқатар мемлекет басшылары менің пікірімді білгісі келеді.

Мен үшін осы маңызды жұмысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудың еш қажеттігі жоқ, себебі популизмнен аулақпын. Бұл ұстанымым жабық кеңестерге қатысушылар үшін де маңызды болса керек", – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу