Халықаралық валюта қорының сарапшылары Қазақстанға жасаған сапарын қорытындылай келе, ел экономикасындағы мемлекет үлесінің жоғары екенін, квазимемлекеттік сектордың шығыны мен коммуналдық тарифтердің өсуі инфляцияға қосымша қысым түсіріп отырғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қор мамандары баға өсімін ауыздықтау үшін Ұлттық банктің саясатын қолдау, бюджет пен Ұлттық қор қаражатын бақылауға "Цифрлық теңгені" енгізуді және жеке секторды дамытуды ұсынды.
Қордың бағалауынша, экономикалық өсімге мұнай бағасының жоғары болуы, ішкі сұраныстың артуы және инвестициялардың келуі қолдау көрсетіп отыр.
Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының жоғары болуы мен ішкі сұраныс ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Каспий құбыр консорциумындағы апат салдарынан мұнай өндірісінің азаюы экономикалық өсім қарқынын сәл тежеген. Осының кесірінен 2026 жылдың алғашқы 5 айында жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсімі былтырғы 6,5%-дан 3,7%-ға дейін бәсеңдеді.
Сонымен қатар елдің халықаралық резервтері жеткілікті деңгейде сақталып, шамамен 10 айлық импортты жаба алады.
Сыртқы баға қысымы, жылдың екінші жартысындағы капиталдық шығындар мен квазимемлекеттік белсенділіктің артуы және тарифтердің өсуі инфляцияны қайта өршітуі мүмкін. Сондықтан ХВҚ Ұлттық банкке нарықтағы артық өтімділікті азайту шараларын жалғастыруды және қажет болған жағдайда ақша-несие саясатын қайта қатайтуға дайын болуды ұсынып отыр.