Халықаралық валюта қоры мұнайдың орташа бағасын жариялады

1366

Әлемдік және отандық мұнай нарығындағы жағымды жаңалық Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне оң әсерін тигізгелі тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz

Халықаралық валюта қоры мұнайдың орташа бағасын жариялады

Лондон қор биржасының дерегінше, Brent маркалы мұнайдың баррелі 90 доллардан асты. Мұндай көрсеткіш 2014 жылғы қазаннан бері болған емес. Бұл – біз үшін үшін тиімді баға. Себебі 2021-2023 жылдарға арналған 3 жылдық бюджетте мұнайдың баррелі 50 доллар деп нақтыланған.

Республикалық бюджетте бекітілген баға мен нарықтағы бағаның айырмасы + 40 долларды құрап отырғанын ескерсек, бюджеттің бүйірі тесілмейді деп топшылауға болады. Өйткені республикалық бюджетке түсетін түсімнің 44%-ы мұнай-газ секторына тиесілі. Мұнай бағасы қымбаттаған сайын, бюджетке аударылатын салық көлемі ұлғаяды. Бюджет қаржысы әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалатыны белгілі. Ендеше "елде болса, ерінге тиеді" деп қуануға болады.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) күні кеше жариялаған әлемдік экономиканың даму перспективасы туралы баяндамасында биыл дүниежүзі бойынша мұнай бағасы 11,9%-ға өсіп, орта есеппен барреліне 77,31 долларды құрайды деп жазылды. Осылай болғанның өзінде біздің мұртымызды балта шаппайды.

Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылы мұнайдың баррелі 7,8%-ға арзандап, 71,29 долларға төмендейтінін ескертті. Олардың айтуынша, бұған сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік түрткі болады.

Айта кетейік, биыл елімізде – 89,6 млн, келесі жылы – 100,8 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр.

Әлемдік мұнай нарығындағы оң өзгерісті осы жерден қайырып, отандық мұнай нарығына оралайық. Кеше "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының ресми ресурсы "Өзен" кен орнынан жаңа мұнай қоры табылғаны туралы ақпарат таратты. Онда осыдан 5 жыл бұрын басталған геологиялық сейсмобарлаудың қорытындысы шығарылғаны және "Өзен" кен орнының мұнай қоры 8%-ға ұлғайғаны туралы дерек келтірілді. Бұл алдағы уақытта  "Өзен" кен орны мұнай қорының өсімі 39,9 млн тоннаны құрайды деген сөз.

Егер, "Өзен" кен орнынан алынған қара алтынды ел игілігіне жарата алсақ, "Жаңа Қазақстан" құру жолындағы бастамалар серпін алғалы тұр. Өйткені кез келген әлеуметтік-экономикалық реформаны жүзеге асыруға қаржы қажет.

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың сөзінше, елде 50 жылға жететін мұнай қоры бар.

"Қазіргі өндіріс көлемі сақталса, жарты ғасырға жуық мұнайдың игілігін көреміз. Егер, мұнай өндіру көлемі артса, онда мұнай қорын пайдалану мерзімі шамамен 10 жылға қысқарады", – деді маман.

Мақсат Халық қазақтар арабтар сияқты мұнайдан түскен табысқа шылқып өмір сүру үшін өндірілген мұнайдың 20%-ын қазақстандық, 80%-ын шетелдік компанияларға үлестіру саясатын өзгерту қажет деп санайды.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу