Премьер-министр Олжас Бектенов халықты ауыз сумен қамту саласында іске асырылу мерзімдері созылып кеткен жобаларды тездетуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кейбір жобалардың іске асыру мерзімдері созылып кетті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында Соколов топтық су құбырын жаңғырту жұмыстары және Ақмола облысындағы Талапкер мен Қажымұқан ауылдарына дейін су құбырын тарту жобасы", – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.
"Екі себеп болды. Біріншіден, жылдан жылға бюджет тарапынан қаржы толық мөлшерде бөлінбеуі. Екіншіден, жеңімпаз мердігерлердің жұмысты сапасыз әрі уақытылы істемеуі. Сіз атаған 2 жоба бойынша бүгінде Ұлттық қордан 5,8 млрд теңге бөлінді. Қосымша арнаулы мемлекеттік қордан биыл тағы да 5,5 млрд теңге алдық", – деді Су ресурстары және ирригация министрі.
Оның айтуынша, Соколов жобасы бойынша қосымша 600 млн теңге жетпей отыр.
"Мердігерлермен жұмыс істедік, жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Биыл көп жұмысты аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. 2026 жылы қабылдау жұмыстарын жүргіземіз", – деді Нұржан Нұржігітов.
Үкімет басшысы жұмыстарды тездету керек екенін баса айтты.