Хасан Қасымбаев 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

​Кеше Талғар аудандық сотында "Хутор" бандасының жетекшісі делінген азаматқа қатысты қылмыстық істегі тараптардың жарыссөзі басталды. 

Хасан Қасымбаев 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін Фото: видеодан алынған кадр

Күдіктіге үш бап (адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және қорқытып алу) бойынша айып тағылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Айыпталушылар қатарында Хасан Қасымбаевпен бірге тағы 5 адамның аты аталады. Іс бойынша жәбірленушілер саны – екеу. 

Прокурор Е.Құланбаев Х.Қасымбаевты 15 жылға соттауды сұрады. Бірақ, айыпталушының адвокаты Гүлмира Бабажанова айыптау хаттамасымен келіспейді. 

– Біз айыптаумен мүлде келіспейміз. Біз қорғауымыздағы азаматты ақтауды талап етеміз, себебі екі эпизод бойынша да жәбірленушінің өз түсініктемелерінен басқа ешқандай дәлел жоқ, – дейді ол.

Адвокат сотта тергеушілердің Хасан Қасымбаевтың есімін 16 жасында Талғар қаласында марқұм болған Шерзат Полаттың өліміне қатысты іспен байланыстыруға тырысқанын ашық айтқан.

– Қорғау тарабының пікірінше, айыпталушылар қатарында қате тергеу мен жалған айғақтардың құрбаны болған адам отыр. Нақты кінәлілер өз жазасын алған, ал айыпталушылар құрамын "толықтыру" әрекеті әділеттілікке қайшы. Хасан Қасымбаев өз абыройы мен ар-намысын қалпына келтіруге лайық, – деді адвокат. 

Бұған дейін "Хутор" бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатқанын хабарлаған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу