Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды деп хабарлаған болатын. Алайда бұл ақпаратты Алматы облыстық Полиция департаменті жоққа шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Бірқатар БАҚ-та Хасан Қасымбаев пен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық істің сотқа жіберілгені туралы жалған ақпарат тарады. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу аяқталды, іс материалдары тараптарға танысу үшін ұсынылып жатыр. Бұл процесс аяқталған соң, іс айыпталушыларды сотқа беру туралы шешім қабылдау үшін прокуратураға жолданады, – деп мәлімдеді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал облыстық сот өкілдері де қылмыстық істің сотқа түспегенін растады.
Еске сала кетейік, кәсіпкер Хасан Қасымбаев былтыр қараша айында қамауға алынған болатын. Оған қатысты тергеу жұмыстары 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты қозғалған. Жергілікті тұрғындар бұл істің артында "Хуторские" атты қылмыстық топ тұруы мүмкін екенін айтқан.
Бұған дейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Қасымбаевқа қатысты түсініктеме берсе, Бас прокуратура да Талғар ауданында орын алған адам ұрлау және ұрып-соғу дерегі бойынша істі қайта қарауға кіріскен болатын.