Елімізде "Игілік" және "Береке" бағдарламалары аясында ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу және шаруашылықтарға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сақтандыру шығынын мемлекеттік субсидиялау айтарлықтай жеңілдік береді: мемлекет сақтандыру сыйақысының 80%-ын өтейді.
"Игілік" және "Береке" бағдарламалары асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыруға бағытталған:
- "Игілік" бағдарламасы бойынша ірі қара және ұсақ малдың импорттық асыл тұқымды түрлерін, сондай-ақ жылқы, түйе, шошқа, марал және ара отбасыларының отандық әрі импорттық асыл тұқымды түрлерін сатып алуға болады.
- "Береке" бағдарламасы импорттық асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ малды ірі көлемде сатып алатын шаруашылықтарға арналған.
Сатып алынған малды тиісті есепке қою, оның талапқа сай күтіп-бағылуын және ветеринариялық қызметпен қамтылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сақтандыру шартын рәсімдеу қажет. Сақтандыру – несие берудің міндетті талаптарының бірі. Сондықтан мал сатып алу және оны шаруашылыққа жеткізу кезінде сақтандыру мәселесін де қатар қарастырған жөн.
Мал шаруашылығын сақтандыру тек жануарларды аурудан қорғаумен шектелмейді. Сақтандыру өнімдері түрлі тәуекелдерді қамтиды. Олардың қатарына жұқпалы, инвазиялық және жұқпалы емес аурулар, сондай-ақ жазатайым оқиғалар жатады.
Атап айтқанда, найзағай түсуі, электр тоғының соғуы, күн немесе ыстық өту, үсіп қалу, тұншығу, жабайы жануарлардың шабуылы, улану, жылан мен жәндіктердің шағуы, суға бату, жартастан немесе шатқалдан құлау және өлімге әкеп соғатын өзге де жарақаттар сақтандыру тәуекелдерінің қатарына кіреді.
Табиғи құбылыстар мен дүлей зілзалалардан болатын залал да сақтандырумен қамтылуы мүмкін. Таңдалған сақтандыру өніміне қарай оған су тасқыны, су басу, топырақтың шамадан тыс ылғалдануы, қардың еруінен туындайтын тасқындар, сел, қар көшкіні, жер көшкіні, опырылу, дауыл, циклон, шторм, құйын, қатты жел және бұршақ кіреді. Өрт те сақтандыру жағдайларының бірі болуы мүмкін.
Сонымен қатар аса қауіпті аурулар анықталған жағдайда жануарларды мәжбүрлеп алып қою және жою салдарынан туындайтын шығындар да сақтандырумен қамтылады. Мұндай ауруларға сібір жарасы, аусыл, бруцеллез және туберкулез жатады.
Сақтандыруға ірі қара, ұсақ мал, жылқы, шошқа және ауыл шаруашылығы құстары қабылданады.
Сақтандыру шарты 3, 6, 9 немесе 12 ай мерзімге жасалады. Сақтандыру мерзімін шаруашылықтың өндірістік цикліне қарай таңдауға болады. Мәселен, малды өсіру, күтіп-бағу және өткізу мерзімі толық күнтізбелік жылмен сәйкес келмейтін шаруашылықтар қысқа мерзімді сақтандыруды рәсімдей алады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сақтандыру шығынының көлемі де маңызды. Сақтандыру сыйақысының жалпы сомасының 20%-ын фермер өз қаражаты есебінен төлейді, ал қалған 80%-ын мемлекет субсидиялайды. Бұл тетік агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыру сыйақыларын субсидиялау бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
Сақтандыруды Kezekte.kz платформасындағы QALQAN ақпараттық сервисі арқылы онлайн рәсімдеуге болады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүйеге кіріп, сақтандыру өнімін, сақтандыру компаниясын және сақтандыру нысанын таңдау қажет. Одан кейін электрондық шарт жасалады.
Сақтандырылатын жануарлар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесінде тіркелуі тиіс. Сақтандыру төлемін алушы ретінде фермердің өзін немесе несие берушіні көрсетуге болады.
Сақтандыру жағдайы туындаған кезде өтініш те электрондық жүйе арқылы беріледі. Сақтандыру төлемі жасалған шарттың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Оның мөлшері таңдалған сақтандыру өніміне, сақтандыру сомасына және шартта белгіленген франшизаға байланысты болады.