ИИДМ: Қонаев қаласының бас жоспары келесі айда дайын болады

699

Қонаев қаласының бас жоспарын әзірлеу 2022 жылдың желтоқсанында аяқталады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

ИИДМ: Қонаев қаласының бас жоспары келесі айда дайын болады Фото: informburo.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған сапарында Қонаев қаласын экологиялық таза, өмір сүруге қолайлы "ақылды" шаһар ретінде қарастыратын жаңа бас жоспарын дайындауды тапсырған болатын. Сондай-ақ облыс орталығы мен G-4 City аумағында арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) құру жүктелді.

Бұдан бөлек, Президент өңірге педагогика кадрларын және дәрігерлерді тарту үшін оларды баспанамен қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті.

"Қазіргі күнде Қонаев қаласының бас жоспарын "Урбостиль" компаниясы әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар биылғы жылдың 20 желтоқсанына дейін аяқталмақ. Кейін заңнамаға сәйкес облыс әкімдігі жобалық шешімдерді қала тұрғындарымен ашық талқылауды ұйымдастырады. Сонымен қатар бүгінде арнайы экономикалық аймақтардың тұжырымдамасын даярлау жұмыстары да жүргізілуде. Бұл орайдағы жұмыстар аяқталған соң ҚР ИИДМ бекітілген заңнамалық талаптарға сәйкес АЭА құру туралы жұмыстарға кіріседі (эксперттік кеңес, ҚРҮҚ жобаны мақұлдау)", - делінген министрлік мәліметінде.

Айта кетерлігі, бүгінде Алматы облысында тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешудің тетіктері іске асырылуда. Атап айтқанда, жас мамандар "Алатау жастары" өңірлік бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізе алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу