2,5 мыңнан аса шетелдік Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін бұзса, 862 шетелдік тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
499 қазақстандық жұмыс беруші заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан. 3 мыңнан аса адам ішкі істер органдарына шетелдік азамат өзінің үйінде тұратынын хабарламаған.
"Барлық құқықбұзушы жауапқа тартылды. Сонымен қатар, 678 шетелдік азамат елден шығарылды, енді оларға Қазақстанға кіруге 5 жылға дейін тыйым салынады", – деді ІІМ өкілдері.
Алғаш рет Мысыр азаматтары заңсыз жұмыс істегені анықталған. Қарағандыда ірі құрылыс алаңында рұқсатсыз жұмыс істеген осы елдің 14 азаматы табылған.
Алматы облысының Жамбыл ауданында көші-қон қызметкерлері заңсыз алкоголь өндірумен айналысқан 12 ҚХР азаматын анықтады. Олардың да тиісті рұқсат құжаттары болмаған.
"Бұл жағдайлар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 395-бабымен қылмыстық іс қозғалды, соталды тергеу жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Алматы облысында полиция қызметкерлері ХҚКО-ның үш қызметкері ұйымдастырған заңсыз көші-қон арнасын анықтады. Олар жеке басының пайдасы үшін заңды бұзып, мигранттарды заңдастыру үшін жалған құжаттар жасаған.
Қазір ҚР ҚК 394-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.