Ішкі істер министрлігі азаматтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерту жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соңғы уақытта қаскөйлер күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған аккаунттар ашып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, алаяқтар өздерін лауазымды тұлға, бұрынғы әріптес немесе таныс адам ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен шұғыл түрде ақша аударуды немесе қарыз беруді сұрайды.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарды қырағылық танытуға шақырады. Ведомство күмәнді хабарламаларға сенбеуге, SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін, құпиясөздер мен өзге де жеке ақпаратты ешкімге бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ белгісіз сілтемелерге өтпеу және күмәнді қосымшаларды орнатпау қажет.
"Егер ақша аудару туралы өтініш түссе, тіпті ол таныс адамның атынан жіберілсе де, ақпараттың шынайылығын өзіңіз білетін байланыс нөмірі немесе ресми арналар арқылы міндетті түрде тексеріңіз", – деп ескертті ІІМ.