Жыл сайын мас күйде 10 мыңға дейін қылмыс жасалады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінде қылмыстың белең алуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – алкогольді шамадан тыс тұтыну. Жыл сайын мас күйде 10 мыңға дейін қылмыс жасалады", – деді министр Үкімет сағатында.
Ержан Сәденов бұл мәселені болдырмау мақсатында бірқатар профилактикалық шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Олардың қатарында ішімдік ішу деректерін анықтау, қоғамдық орындарда мас күйде жүрген адамдарды оқшаулау, есепте тұрғандарға алкоголь ішуге тыйым салу түріндегі шектеулер бар.
"Бірақ бұл – салдармен ғана күрес. Полицияның өкілеттігі көбінесе мәжбүрлеу шараларымен шектеледі. Өз пайдасын ойлаған кейбір кәсіпкерлер заңдағы жас және уақыт шектеулерін бұзады. Тәулік бойы ішімдікті дәмхана немесе бар ретінде сатып жатады, "онлайн" жеткізу кеңінен қолданылады. Лицензиядан айыру шарасы да нәтижесін бермей тұр", – деді ІІМ басшысы.
Ведомствоаралық комиссия бірқатар ұсыныс тастады.
"Алкоголь өнімдерін тек арнайы дүкендерде сату, лицензия берудің талаптарын қатаңдату, оның ішінде санын шектеу, онлайн-саудаға тыйым салу. Бұған қоса, көңіл көтеру орындарында ішімдікті сату уақытын шектеу қажеттілігі туындап отыр. Аталған мекемелерде мас күйде 1 400-ден астам қылмыс жасалған, оның ішінде 3 адам өлтіру дерегі бар", – деп атап өтті Ержан Сәденов.