Оның айтуынша, жыл басынан бері тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында мемлекеттік органдарға, мекемелер мен ұйымдарға 45 мыңға жуық ұсыныс енгізілген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті қылмыстық істерді тергеу барысында заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу бағытындағы жұмыстардың нәтижесін жариялады.
Қоғамдық қауіпсіздік күшейтілді
Ұсыныстар бойынша:
- әлеуметтік қолайсыз аудандарда, сауда және ойын-сауық орындарында 2 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылды;
- 155 қауіпті жол учаскесінде жарықтандыру, бағдаршамдар, жол белгілері мен таңбалар жаңартылды;
- 56 нысанда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, күзет жүйелері жаңғыртылды;
- білім беру ұйымдарында 60-тан астам профилактикалық іс-шара өткізілді.
Қандай шаралар қабылданды?
- Қайта қылмыс жасаған 8 шартты түрде сотталған азамат бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді;
- заңсыз қызметпен айналысқан 4 субъектінің жұмысы тоқтатылды;
- 15 кафе мен түнгі клубтың жұмыс уақыты шектелді.
Лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды
Ұсыныстарды қарау қорытындысында:
- қылмыстың жасалуына ықпал еткен әрекетсіздігі үшін 2 мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды;
- ұсыныстарды уақытылы қарамағаны үшін 500-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жәбірленушілерге келтірілген шығындар өтелді
Аяқталған қылмыстық істер бойынша:
- келтірілген жалпы шығын – 72 млрд теңгеден астам;
- өтелген сома – 34 млрд теңгеден астам.
Мысалы, Астанада 111 адам интернет-алаяқтықтың құрбаны болған іс бойынша 140 млн теңгеден астам шығын толық өтелді.
Шығынды өтеуді қамтамасыз ету үшін жалпы құны 29 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.
Соның ішінде Алматы облысында алаяқтық ісі бойынша екі ЖШС-нің жалпы құны 7 млрд теңгеден асатын 28 жылжымайтын мүлік нысанына шектеу қойылды.
Жәбірленушілерге өтемақы қоры арқылы:
- 124 санаттағы қылмыс бойынша өтемақы төлеу қарастырылған;
- төлем мөлшері 30-50 АЕК аралығында белгіленген;
- қор құрылғаннан бері 5 мыңнан астам адамға жалпы 831 млн теңгеден астам өтемақы төленді.
Сонымен қатар болашақ тергеушілер мен анықтаушыларды даярлауға және кадрлық әлеуетті нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыс ведомстволық білім беру жүйесі арқылы және азаматтық жоғары оқу орындарының заң факультеттерімен бірлесіп жүргізілуде. Жас мамандарды тарту және оларды ерте кезеңнен кәсіби бағыттау мақсатында 2019 жылдан бері заң факультеті студенттері үшін дуальды оқыту бағдарламасы іске асырылып келеді.
Бүгінде жоғары оқу орындарымен 40 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, 1524 студентті біріктіретін 47 студенттік клуб жұмыс істейді. 100-ден астам түлек диплом алғаннан кейін ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.
Самат Аисовтың айтуынша, бұл жұмыстар құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтіп қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.