Көшелер мен қоғамдық орындарда ауыр және аса ауыр қылмыстарға жол берілген жоқ, деп жазады inbusiness.kz сайты Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа жылды тойлау кезінде ішкі істер органдарының қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқарды.
"31 желтоқсан таңынан 1 қаңтар таңы аралығында полицияның 102 жедел байланыс пультіне 11 448 өтініш түсті, оның ішінде 3 082-сі түнгі уақытта келіп түскен. Қоңыраулардың басым бөлігі анықтамалық сипатта болды", – делінген хабарламада.
Азаматтар петардаларды пайдалану мәселелері бойынша хабарласып, мұз айдындары мен жаңа жылдық шыршалардың қайда орналасқанын нақтылады, сырғанақтарда адасып қалғандар туралы, сондай-ақ аулаларда дұрыс қойылмаған автокөліктер мен шығуға кедергі келтірген жағдайлар жөнінде хабар берген.
Түскен барлық өтініштерге полиция қызметкерлері уақтылы әрекет етіп, заңнама аясында қажетті шара қабылдады. Полицияның үйлесімді жұмысының арқасында мерекелік іс-шаралар тыныш өтті.