Әзербайжан президенті Илхам Әлиев мұсылман елдерін Армениямен экономикалық, мәдени, саяси байланысты үзілді-кесілді үзуге шақырды. Яғни, Арменияға бойкот жариялауға үндеді, деп хабарлайды islam.kz.
"Арменияны Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымы агрессор мемлекет ретінде мойындаған. Осынау халықаралық ұйымдардың қарары Армениямен ынтымақтасқысы келетін мұсылмандарға ой салуы керек", – деді ол "OIC Journal" мерзімді басылымында жарияланған мәлімдемесінде.
Әзербайжан президентінің айтуынша, Арменияның басқыншылық саясаты тек Әзербайжанға ғана емес, сонымен қатар, ислам әлемінің тарихи-мәдени мұрасына да қауіп төндіріп тұр.
"Арменияны Пәкістан мен Сауд Арабиясы мемлекет ретінде ресми түрде мойындаған жоқ. Ал Түркия Армениямен мүлдем байланыс орнатпаған. Бұған қоса, Қожалы геноцидін бес мұсылман мемлекеті мойындап отыр", – дейді ол.
Ежелден әзербайжандар жері – Таулы Қарабақ үшін қарулы қақтығыс кезінде болған Қожалы қасіреті туралы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтыла қойған жоқ, Әзербайжан мұсылман елі болғаны үшін.
1992 жылы 25 ақпаннан 26-сына қараған түні армяндардың қарулы жасағы Қожалы қаласына басып кірген болатын. Осы шабуылдан жүздеген бейбіт тұрғын қаза тапты, жараланды, хабар-ошарсыз кетті.