Миллиардер Илон Макс басқарған АҚШ үкіметінің жұмыс тиімділігін арттыру департаменті (DOGE) мерзімінен бұрын таратылды.
Бұл туралы Reuters жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қызметкерлер басқармасының (OPM) директоры Скотт Купор DOGE-дың мәртебесіне қатысты сауалдарға жауап берді. Оның айтуынша, енді мұндай құрылым жоқ. DOGE "орталықтандырылған құрылым" ретінде қызметін тоқтатқаны белгілі болды.
Reuters агенттігінің жазуынша, Илон Маск басқарған департаменттің көптеген міндеті OPM-ге берілген. АҚШ президенті Дональд Трамптың тамызда қол қойған жарлығына сәйкес, департаменттің екі қызметкері Ұлттық дизайн студиясында қызметін жалғастырған. Ал DOGE уақытша әкімшісі Эми Глисон наурызда денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметке қабылдау мораторийі де алынып тасталғаны айтылған.
"Президент Трампқа федералды үкіметтегі ысырапшылдықты, алаяқтық пен заңсыздықты қысқарту жөнінде нақты міндет берілді. Ол бұл жұмысты белсенді жалғастырып келеді", – деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Лиз Хьюстон.
Үкімет жұмысы тиімділігін арттыру департаменті Дональд Трамптың инаугурациясы күні құрылған болатын. Жаңа құрылым мемлекеттік шығындарды қысқарту және федералдық агенттіктерді қайта құрылымдауды мақсат етті.
DOGE жұмысын Tesla және SpaceX компанияларының негізін қалаған Илон Маск басқарды. Мамыр айының соңында ол бұл қызметтен кетті.