Илон Маск SpaceX пен xAI компанияларын біріктіруді ұсынды. "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, бұл бастама орбитаға мәліметтерді өңдейтін спутниктік орталықтар орнату жоспарына жаңа серпін беруі мүмкін. Осы арқылы Маск жасанды интеллект саласындағы жарыста Alphabet, Google, Meta және OpenAI сынды алпауыттармен бәсекелесуді көздеп отыр.
Ғарыштағы мәліметтер өңдеу орталықтары деген не?
Ғарыштағы мәліметтер өңдеу орталықтары – әзірге толық іске аспаған, болашағы бар концепция. Бұл орталықтар орбитада күн энергиясымен жұмыс істейтін жүздеген жерсерікке сүйеніп қызмет көрсетуі мүмкін. Олар xAI компаниясының Grok жүйесі немесе OpenAI-дың ChatGPT секілді жасанды интеллект модельдерінің есептеу қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мәліметтерді өңдеумен айналысады.
Мұндай орталықтарды ғарышта орналастырудың басты себебі – жердегі деректер орталықтарына қажет энергия көлемінің жылдан жылға қымбаттауы. Ал ғарышта күн энергиясын тікелей пайдалану бұл шығынды азайтуы мүмкін.
Дегенмен, ғарыш саласының мамандары мен инженерлері бұл идеяның коммерциялық тұрғыда өміршең екенін дәлелдеу үшін әлі де көп уақыт қажет екенін айтады. Себебі орбитадағы жабдықтарды ғарыш сәулесінен, қоқыстан қорғау және істен шыққан жағдайда жердегідей жедел техникалық қызмет көрсету мәселелері әлі толық шешілмеген.
Соған қарамастан, Deutsche Bank сарапшыларының болжамынша, алғашқы шағын орбиталық мәліметтер өңдеу орталықтары 2027-2028 жылдары іске қосылуы мүмкін. Ал егер жоба технологиялық және экономикалық жағынан тиімді екенін дәлелдесе, 2030 жылға қарай жүздеген, тіпті мыңдаған спутниктен тұратын ірі ғарыштық дата-орталықтар пайда болуы ықтимал.
Маск мұны не үшін қолға алмақ?
SpaceX бүгінде әлемдегі ең табысты зымыран өндіруші компаниялардың бірі саналады. Ал Starlink интернет қызметі орбитаға мыңдаған жерсерікті ұшырып, жаһандық байланыс жүйесін қалыптастырып үлгерді. Егер жасанды интеллекттің болашағы ғарышта деп есептелсе, SpaceX бұл бағытта айтарлықтай басымдыққа ие. Себебі қажетті спутниктік инфрақұрылым компанияда қазірдің өзінде бар.
– Бұл ғарышта күн энергиясымен жұмыс істейтін деректер орталықтарын құрудың ең қарапайым жолы. Жасанды интеллектті орналастырудың ең арзан орны – ғарыш. Мұны екі, ең көбі 3 жыл ішінде іске асыруға болады, – деді Илон Маск осы айдың басында Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда.
"Рейтердің" мәліметінше, SpaceX биыл акцияларын нарыққа шығарып, компанияның нарықтық құнын 1 триллион доллардан асыруы мүмкін. Түскен қаражаттың бір бөлігі жасанды интеллектке арналған спутниктік деректер орталықтарын әзірлеуге бағытталмақ.
Бәсекелестер не істеп жатыр?
Бұл бағытта Илон Маск жалғыз емес. Жақында Джефф Безостың Blue Origin компаниясы да ғарыштық деректер орталықтары жобасына кіріскенін мәлімдеді. Ал Nvidia компаниясы өткен айда Starcloud-1 жерсерігін ұшырды. Бұл спутник орбитаға жасанды интеллектке арналған әлемдегі ең қуатты H100 чипін жеткізуге тиіс.
Google корпорациясы ғарыштағы деректер орталығы идеясын Project Suncatcher жобасы аясында дамытып жатыр. Ал Қытай алдағы бес жыл ішінде орбитада дата-орталықтар іске қосып, "Космостық бұлт" жүйесін құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлады.