Импорттық бидайды көлікпен тасымалдауға рұқсат берілу керек

269

Қазақстан астық өндеушілер одағы импорттық бидайды көлікпен тасымалдауға рұқсат беруді сұрайды.

Импорттық бидайды көлікпен тасымалдауға рұқсат берілу керек Фото: Inbusiness.kz

Өйткені, ауа райының қолайсыздығына орай елде жиналған астықтың 40 пайызының сапасы төмен. Ал, ұн тартатын кәсіпорындарға Ресей бидайын тек темір жол арқылы тасымалдау жеткіліксіз көрінеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ауыл шаруашылығы министрілгі сәуір айында Ресейден ел аумағына автомобиль көлігімен бидай импорттауға алты айға тыйым салған еді. Өйткені, кедендік баж салығын айналып өтушілер көбейді. Әрі Ресей бидайы ішкі нарықта астықтың бағасын түсіріп жіберді, шаруалар өнімін өзіндік құнынан арзанға сатып жатырмыз деп шағымданды. Осыған орай, тек ұн тартатын кәсіпорындар мен жұмыртқа өндіретін құс шаруашылығына темір жол арқылы жеткізуге рұқсат берілді. Алайда, Қазақстан астық өндірушілер одағының президенті "содан бері астықты импорттауда мәселелер көбейді" дейді 

"Вагондардың тапшылығына орай астық тиеу туралы жоспар уақытылы орындалмайды. Тіпті, сол жоспардың өзін бекіттіру қиын, ұзақ жатып қалады. Мұның бәрі Қазақстан аумағында ұн өндірісі мен тасымалына кері әсерін тигізіп жатыр. Қордағы сапалы астық келер жылдың егін орағына дейін жетпейді", - дейді Қазақстан астық өндірушілер одағының президенті Жомарт Мотышев.

"Қазақстан темір жолы" компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев "мұндай мәселелер болған емес", деп жоққа шығарды.

"Үш миллиондай бидайды Ресейден әклеуіміз керек. Ол бәрі жоспар бойынша жеткізіліп жатыр. Логистикамен проблема бар ма?  Жоқ. Жоспар бар, сол жоспар бойынша біз зауыттарға жеткізіп жатырмыз", - деді "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев.

Биыл Ресей бидайына сұраныс арта түседі. Өйткені, ел аумағында жиналған бидайдың 40 пайызы қауызында бүршік жарып, тамырланған. Құрамындағы көрсеткіштер өте төмен. Бағаны ырықтауда Ресейдің арзан бидайы тиімді. Мысалы, қазақстандық 3 сұрыпты бір тонна бидай 130-135 мың теңгеден болса, ал ресейдікі жеткізіп беру құнымен есептегеннің өзінде 105-110 мың теңге шамасында. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ресей бидайын көлікпен тасымалдауға рұқсат беру жөнінде өтініштер жан-жақтан түсіп жатқан көрінеді.

"Үкіметаралық комиссия бар, сыртқы сауда саясатын қалыптастыру осы үкімет аралық комиссияда қаралатын болады. Ол жерде біржақты позиция емес, барлық тараптардың айтқан ұсыныстарының негізінде комиссия шешім шығаратын болады", - дейді ҚР АШМ Сыртқы сауда басқармасының басшысы Саят Қамзин.

Саят Қамзинның сөзінше, бұл комиссияның отырысын сауда министрлігі бекітеді. Комиссия құрамында "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан астық өндірушілер одағы мен Сауда министрлігінің өкілдері де болады. Ал, сарапшылар пікірінше, мәселелер шұғыл жауабын таппаса әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақты ұстауда қиындықтар туындауы мүмкін екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу