Индонезияда ұсталған қос қазақстандық кімнің тапсырысымен жүргенін айтты

Бұған дейін отандық БАҚ-тарда Бали аралында метамфетамин таратуға оқталған Қазақстанның екі азаматы ұсталғаны туралы ақпарат тарады.  

Индонезияда ұсталған қос қазақстандық кімнің тапсырысымен жүргенін айтты Фото: BNNP Bali

TheBalimedia басылымы олардың Гианьяр қаласында 30 пакет метамфетаминді шетелдік азаматтарға бермек болғанын жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

28 және 35 жастағы күдіктілер 2025 жылдың 11 сәуірінде Деса-Батуан ауылында Балидің есірткімен күрес жөніндегі ұлттық агенттігінің арнайы операциясында ұсталған. 

13 мамыр күні BNNP Бали бөлімінің басшысы, бригадалық генерал Руди Ахмад Судраджат "Қос күдіктінің оғаш іс-әрекеті біздің қызметкерлердің шұғыл шешім қабылдауына әкелді" деп мәлімдеді. 

Алғашқы тергеу нәтижесінде екі қазақстандық Ресейде орналасқан ірі халықаралық есірткі желісінің мүшесі болған және есірткіні Бали аралындағы өзге шетелдіктерге таратуды ойластырған. Полиция олардан салмағы 49,18 грамм болатын қара лентамен және пластикпен оралған 30 кішігірім пакет метамфетамин тапқан. 

Тергеуде қос қазақстандық "ЗЛО" деген танымал адамның тапсырмасын орындағанын айтқан. 

– Күдіктілердің айтуынша, есірткілер жақын маңдағы аймақтарда таратылуы керек болған, ал бұл әрекеттерді "ЗЛО" есімді адам үйлестірген. Қазір біздің арнайы топ оны іздеп жатыр, – деп қоса кетті Руди Ахмад Судраджат.

Осы күні екі күдікті тергеу изоляторына қамалған. Оларға Индонезияның заңы бойынша айып тағылған. Енді олар 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ, өлім жазасы тағайындалуы ықтимал. 

Бұған дейін Индонезияда қамауға алынған 2 қазақстандыққа өлім жазасы төніп тұрғанын жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу