Инфляция 20 пайызға жетті

1432

Инфляция 20 пайызға жетті. Бұл соңғы ширек ғасырдағы рекордтық көрсеткіш. 

Инфляция 20 пайызға жетті

Инфляцияның ырықсыз кеткені бүкіләлемдік үрдіс болғанымен, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс оны жылдамтатып жіберді.  Десе де, сарапшылар бұл шарықтау шегі емес деп отыр. Алда жаңа жыл келе жатыр. Бұл да инфляцияны тездететін негізгі фактор.

Қазақстан экономикасындағы ең жоғарғы инфляция 1995 жылы 60 пайыздан асқан. Ал, бұл жолғы 20 пайыздық құнсыздық ел тарихындағы екінші жоғарғы көрсеткіш. Бірақ бұл әлі шарықтау шегі емес. Сарапшылардың пікірінше, жаңа жыл алдындағы халықтың ақша жұмсауы, биліктің бюджетті игеру үрдісі инфляцияны тағы тездетеді. Оның үстіне, қыс мезгілінде азық-түліктің қымбаттауы жыл сайынғы құбылыс. 

"Тауар жеткізу тізбегі бұзылды. Ресей рублінің бағамы табиғи емес, қымбаттады. Біздегі импорттың негізгі бөлігі Ресейден келетінін ескерсек, импорқа қатысты тауарлардың бәрі шарықтап кетті. Оның үстіне, мемлекет экономиканы бағдарламалар арқылы арзан ақшамен қаржыландырып жатыр. Тауарлардың өндірісі, яғни ұсыныс айналымдағы ақша массасына сай емес", дейді экономист Мұрат Қастаев.   

Инфляцияны ауыздықтау үшін Ұлттық банк биыл бірнеше рет базалық ставканы көтерді. Жақында Алматыда өткен қаржыгерлер конгресінде бас банкир Пірматов қажет болса, тағы көтереміз деген болатын. Сарапшылардың болжамында, базалық  ставка осы айда 0,5 базистік пунтке дейін көтерілуі мүмкін. Ал, экономист Расул Рысмамбетов базалық ставканы өсуі инфляцияны ауыздықтай алмайды, деп отыр. 

"Базалық ставка  50-ге дейін көтерілсе де, бұл мәселені шешпейді. Ақша-несие саясаты әрине маңызды, бірақ нақты экономиканы дамыту керек. Импортқа тәуелділіктен арылу үшін экономиканың құрылымын өзгертетін уақыт келді. Мысалы, өңіраралық сауда-саттықты дамыту үшін лолистика арналарын дамыту керек. Бұл азық-түлік бағасын ұстап тұруға ықпал етер еді. Ал, үкімет бюджеттің шығындарын азайтуы тиіс", дейді экономист Расул Рысмамбетов.

Болжамға сүйенсек, инфляция 2023 жылдың бірінші жартысына қарай бәсеңдеуі мүмкін. Сол динамикаға сәйкес, Ұлттық банк екінші жарты жылдықта базалық ставканы біртіндеп түсіре бастайды. 

Жәния Әбдібек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу