Қызылорданың "С" есімді 31 жастағы тұрғыны интернет желісін пайдалану арқылы жасалған алаяқтығы үшін 2025 жылы 19 қарашадағы сот үкімімен 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.
"С" есімді азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы "Instagram" әлеуметтік желісінде "Dake_87057380827" деп аталатын жалған парақша ашқан. Ол бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланып, азаматтарды "Салған ақшаларын еселеп қайтарамын" деп алдап, "1XBETKZ" букмекерлік кеңсесі мен "Wooppay Wallet" төлем жүйесі арқылы жәбірленушілердің қаражатын иемденген.
– Салдарынан республика бойынша 121 адам алданып, жалпы келтірілген мүліктік залал 9 млн жуық теңгені құраған. Басты сот талқылауында сотталған кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалды толығымен өтеуіне байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалған, – делінген хабарламада.
Бүгінгі күні сотталған "С" тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр. Үкім заңды күшіне енді.