Интернетте есірткі таратқан: Батыс Қазақстанда қылмыстық топ ұсталды

306

Тергеу барысында аталған топтың жұмысын алматылық тұрғынның ұйымдастырғаны анықталды.  

Интернетте есірткі таратқан: Батыс Қазақстанда қылмыстық топ ұсталды Фото: polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында интернет желісі арқылы есірткі және психотроптық заттарды заңсыз таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп жазады inbusiness.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы өзге де полиция бөлімшелерімен бірлесіп жүргізген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Олар интернет-дүкендер құру арқылы Батыс Қазақстан облысы аумағында есірткіні тарату арнасын жолға қойған.

– Жедел шаралар нәтижесінде қылмыстық топтың төрт белсенді мүшесі ұсталды. 27 жастағы алматылық қалааралық курьер ретінде әрекет еткен. Жеке тінту кезінде оның үстінен 145 оралған есірткі дозасы тәркіленді. 25 жастағы оралдық азамат "оператор-қоймашы" қызметін атқарған. Оның пәтерінен мефедрон, марихуана, электронды таразы және орау материалдары табылды. Тағы екі оралдық тұрғын "есірткі жасырушы" ретінде танылған. Олардың қолынан 100 zip-пакетке салынған дайын есірткі тәркіленді, – делінген хабарламада.

Топ ұйымдастырушысына ҚР ҚК 262-бабы 1-бөлігі бойынша (ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару), қалған қатысушыларға 262-баптың 2-бөлігі бойынша (қылмыстық топ құрамында әрекет ету) қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысы облыстық полиция басшылығының тікелей бақылауында. Алдын алу шарасы нәтижесінде шамамен 1000 бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.

Қазіргі таңда ұйымдасқан топтың өзге де мүшелерін анықтау және оларды жауапкершілікке тарту бағытында тергеу амалдары жалғасып жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу