Ведомство бейнежазбадағы оның сөзін жалған деп атады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда ер адамнан тіл білу тесті бар кезде азаматтықты қалай алғаны сұралған. Ол "Қазақстанда бәрі сатып алынады" деп жауап берді. Кейін ол республика тұрғындары туралы оң пікір білдірген.
ІІМ мәлімдеуінше, бейнежазба авторының жеке басы анықталды. Ол көршілес мемлекеттің азаматы болып шықты.
"Тексеру барысында оның Қазақстан азаматтығын сатып алғаны туралы таратқан ақпараты шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды", – делінген ведомство хабарламасында.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. ІІМ шетелдік әріптестерімен бірге қажетті шараларды жүргізіп жатыр.
Қай бап бойынша іс қозғалғаны және ер адамның қайда екені нақтыланбады.
Ведомство қазақстандықтарды тексерілмеген немесе көрінеу жалған ақпаратты таратпауға шақырды.