Инвестиция көлемі 17%-ға төмендеді

1054

Қазақстанның мұнайлы өңірлері мен ШҚО-да инвестиция көлемі азайған.

Инвестиция көлемі 17%-ға төмендеді Фото: inbusiness.kz

Елімізде инвестиция көлемі өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 17%-ға төмендеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.

2020 жылдың 12 айында инвестиция көлемі 12,3 триллион теңге болды. Бұл 2019 жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда 1,8%-ға аз.

Өткен жылғы нақты көлем индексі – 96,9%. Бұл күрделі салымдардың нақты көлемінің төмендеуін көрсетеді.

Осыған дейін инвестиция көрсеткіші салыстырмалы түрде тек 2010 жылы ғана төмендеген еді (нақты көлем индексі – 97%).

2021 жылдың қаңтарында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 571,4 миллиард теңге. Бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 16,8%-ға аз (нақты көлем индексі – 82,5%).

Сондай-ақ 2020 жылдың қаңтарында нақты көлем индексі 103,2% болған еді.

2021 жылдың қаңтарында негізгі капиталға салынған барлық инвестицияның үштен бірі Атырау облысына тиесілі: 199,6 миллиард теңге. Бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 148,9 миллиард теңгеге немесе 42,7%-ға аз.

Кейін тізімде Алматы (45,9 миллиард теңге) және Қарағанды облысы (42,2 миллиард теңге) тұр. Үздік үштікке еліміздегі барлық инвестиция көлемінің жартысынан астамы тиесілі.

2020 жылдың қаңтарымен салыстырғанда Атырау облысынан басқа, Батыс Қазақстан (-46,9% немесе 17,6 миллиард теңге), Шығыс Қазақстан (-45,9% немесе 16,3 миллиард теңге) және Маңғыстау (-30% немесе 9,9 миллиард теңге) облыстарында инвестиция көлемі қысқарған.

Әсіресе тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 281,7 миллиард теңгеден 176 миллиард теңгеге немесе 38,5%-ға азайған.

Сонымен қатар негізгі капиталға салынған барлық инвестицияның жартысына жуығы және өнеркәсіпке салынған инвестицияның 76,5%-ы осы салада.

Өнеркәсіпке салынған күрделі салымдар 368,2 миллиард теңге болды. Бұл 2020 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 140 миллиард теңгеге немесе 27,6%-ға аз.

Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласында инвестиция көлемі айтарлықтай өскен: 110,8 миллиард теңге (+17%, немесе 16,1 миллиард теңге).

2021 жылдың қаңтарында денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтерге тартылған инвестиция көлемі 3,1 миллиард теңге болды.
Бұл 2020 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 6,9 миллиард теңгеге немесе 69,1%-ға аз.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин елімізде инвестиция штабын құруды ұсынған еді. Онда инвесторлармен пысықталатын нақты жобалар талқыға салынады. Штабтың негізгі міндеті – инвесторға жағдай жасау және нақты шешімді қабылдау.

Елімізде негізгі капиталға салынған инвестиция көбінесе бизнестің меншікті қаражаты есебінен қаржыландырылады: осы жылдың қаңтарында 486,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл 2020 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 20,8%-ға аз.

Банк кредиттерінің үлесі – 28,8 миллиард теңге, оның 24,7 миллиард теңгесі – шетелдік банктердің кредиттері. 

2021 жылдың қаңтарында басқа қарыз қаражатына 34,4 миллиард теңге жұмсалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,8%-ға аз.

Жергілікті және республикалық бюджетке 12,6 миллиард теңге және 9,4 миллиард теңге тиесілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу