Инвестиция құны 51 миллиард теңге болатын бес жоба бекітілді

816

Инвестиция құны 51 миллиард теңге болатын бес жоба бекітілді

Алматының Қалақұрылысы кеңесінің мәжілісінде инвестиция құны 51 миллиард теңге болатын бес жоба бекітілді және осы құрылыстарды жүргізу барысында 2750 жұмыс орны пайда болатындығы айтылды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жалпы көлемі 145 мың шаршы метрден артық тұрғын кешені, 265 орынды мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері салынады. Жобаларды талқылау барысында жаңа нысандардың айналасын аббатандыруға, балалар алаңдары мен аулаларды көріктендіруге, төменмобильді топтардың еш кедергісіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылымдарды жасауға айрықша назар аударылды.

Сонымен, қаланың түрлі аудандарында көппәтерлі төрт тұрғын кешендерінің құрылыстары басталады. Бостандық ауданындағы Торайғыров көшесінің солтүстігі мен Сайын көшесінің шығысында қызмет көрсету нысандары, паркингі бар 370 пәтерлі 12 қабатты тұрғын үй бой көтереді. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 30 ай.

Жетісу ауданындағы "Kokzhiek City" жобасы мақұлданды. 1608 пәтерлі тоғыз қабатты тұрғын кешені "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынады және "Жеке құрылыс салушыларды ынталандыру" бағыты бойынша оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен "Даму" қоры АҚ-ның қаржы агенті арқылы мердігелер несиесінің жылдық түсімінің 7% көлемінде субсидия бөлінеді. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 24 ай.

Түрксіб ауданындағы Коминтерн/Федосеев/Жас қанат аумағында 7 және 9 қабатты жер асты паркингі, спорт алаңы бар тұрғын кешені бой көтереді. Құрылыстың толық аяқталу мерзімі - 36 ай.

Әуезов ауданындағы "Жетісу-1" ықшам ауданында 276 пәтерлі түрлі нысандары мен жер асты паркингі бар төрт секциялы "Жаңа Жетісу" тұрғын кешені салынады. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 18 ай.

Бұлардан өзге, Бостандық ауданында екі деңгейлі жер асты паркингі бар 9 қабатты бизнес-орталық бой көтереді. Нысанның жобасы мен құрылысы BREEAM Very GOOD эко-тиімді стандарты аясында жүзеге асады. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 18 ай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу