Инвестициялық жобаларды прокуратура бақылауға алды

334

Атырау облысының басшылығы инвестициялық жобаларды қолдауға аса қатты ниет танытпай отыр.

Инвестициялық жобаларды прокуратура бақылауға алды Фото: Inbusiness.kz

Былтырдың өзінде жергілікті биліктегілердің кесірінен, құны 13 млрд теңге болатын 6 жоба тұралап қалды. Мұндай заңсыздықтарға бұдан былай жол берілмейді. Енді қомақты қаржы құйылған жұмысты прокурорлар өз назарына алып, нысан қолданысқа берілгенге дейін бақылауда ұстайды. Ал егер белгіленген мерзімнен ауытқу болып жатса, дер кезінде шара қолданбақ, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ербол Қалдығұлов Атырау облысында құс фабрикасын салып жатыр. 9 млрд теңгеден астам қаржы құйылған жоба аясында, жылына 5 мың тонна бройлер еті өндірілетін болады. Инкубациялық жұмыртқаларды Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркиядан тасымалдамақшы. Құс еті ел ішінде сатылады. Нысан іске қосылған уақытта, облыстағы 160 азамат жұмыспен қамтылмақ. Аймақ экономикасын ілгерілетуге үлесін қосып отырған кәсіпкердің ісі әкімдіктегілердің кесірінен тұралаған.

"Инженерлік коммунакацияларды жүргізу кезінде арнайы келісімі бар құжаттар қажет болады. Бірақ жауаптылардың тарапынан ол дер кезінде берілмей, жұмыс тұралады. Кейін прокуратура өкілдері араласып, мәселе біржақты болды", - дейді кәсіпкер Ербол Қалдығұлов.

Бұған дейін облыстағы инвестициялық жобалар бақылауда болмай, орта жолда қалатын. Шенділер қажетті құжаттарды кешіктіріп, тіпті заңды түрде берілген жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізуге де асықпайды. Енді бұл жұмыс тікелей прокурорлар назарында болады. Мұны мемлекет басшысының өзі тапсырған.

"2023 жылдың өзінде біз облыста 13 млрд теңге қаржы құйып, жұмысын жүргізіп жатқан 6 инвестордың құқығын қорғадық. Кемшіліктер көбіне жер теліміне, инфрақұрылымға және жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілетін құжаттарға қатысты. Алдағы уақытта Атырау облысында жүріп жатқан барлық инвестициялық жобалар біздің бақылауымызда болады", - дейді Атырау облыстық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Арман Мұқанбетқалиев.

Қазір өңірде жалпы сомасы 5,1 трлн теңге болатын 23 жоба жүзеге асуда. Оның дені биыл іске қосылады. Оған дейін жұмыстың жүйелі жүруін құзырлы орган өкілдері қадағалайды. Әкімдік тарапынан кемшілік кетсе, қадағалау актісі енгізіліп, кейін шара қолданылатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу