Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер бекітілді

1056

Бағдарламаға өзгерістер ХӘОТ санатына жатқызылған, ипотекалық қарыздар бойынша 44,6 млрд теңге сомаға берешегі бар 7 355 қарыз алушыны қолдауға мүмкіндік береді.

Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер бекітілді

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде 171,4 млрд теңге сомаға 28 мың қарыз алушыға көмек көрсетілді, 56 млрд теңгеден астам сомаға қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық сомасы бойынша берешегі төмендетілді, деп хабарлады Ұлттық банк баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 2015 жылдан бастап жалғыз баспананы сақтап қалуға, ипотекалық қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайтуға және олар үшін валюталық тәуекелді болдырмауға бағытталған ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда.

"Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Ұлттық Банк қарыз алушыларды қолдауға 130 млрд теңге бөлді",– делінген хабарламада.

Бас банктің ақпаратынша, револьверлік тетікті ескере отырып қайта қаржыландырылған қарыздар саны 2026 жылға дейін 40 мыңнан астам болмақ.

Ал бағдарламаның екінші бөлігі 2018 жылғы 27 наурызда іске қосылған. Валюталық қарыз алушылардан қайта қаржыландыруға банктерге 9 мыңнан аса өтінім берілген, оның ішінде қайта қаржыландыруға 78,7 млрд теңге сомаға 8 840 қарыз мақұлданыпты.

"Бағдарламаның іске асырылуына жасалған талдау қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Ұлттық банкке ХӘОТ санатына жататын ипотекалық қарыздарға қызмет көрсетуде қиын жағдайға тап болған ипотекалық қарыз алушыларға, сондай-ақ қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебіне жалғыз мүлкі банктердің балансына өткен қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар шара әзірлеуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау шеңберінде, ағымдағы жылғы 23 желтоқсанда Ұлттық Банк Басқармасы бағдарламаға өзгерістер мен толықтыруларды бекітті",– делінген бас банк хабарламасында.

Бағдарламаға өзгерістер ХӘОТ санатына жатқызылған, ипотекалық қарыздар бойынша 44,6 млрд теңге сомаға берешегі бар 7 355 қарыз алушыны қолдауды қамтуға мүмкіндік береді.

"Банктің балансында тұрған тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі. Бұл шаралар бұрын қайтарымды негізде бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылатын болады және 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді",– деп хабарлайды Ұлттық банк.

Айта кетсек, валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу