Мұны Иранның Мақсаттылықты тексеру кеңесінің мүшесі Мохаммадреза Бахонер хабарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты "Free Iran" Telegram арнасына сілтеме жасап.
Осылайша, елдегі хиджабты міндетті түрде тағу туралы заң күшін тоқтатқан.
Бахонердің сөзінше, бұдан былай хиджаб тақпағандарға ешқандай жаза қолданылмайды.
– Құқықтық және заңдық тұрғыдан қарастырғанда, хиджаб туралы заң жобасы енді орындалмаса да болады. Иранда хиджаб тағу бұдан былай заң жүзінде міндетті емес және бұл үшін ешқандай айыппұл, жаза немесе құқықтық салдар қарастырылмаған. Мұны полицияға да айтыңдар! – деп жазды Мохаммадреза Бахонер.
Шынын айту керек, аталған мәлімдеме елдегі хиджаб мәселесіне қатысты ұзаққа созылған қоғамдық пікірталас пен талқылаулар, қарсылықтар аясында жасалған. Сонымен, Иран тарихында алғаш рет хиджаб тағу әрбір әйелдің жеке таңдауы ретінде танылып отыр.
Мұндай өзгеріс Иранның құқықтық және әлеуметтік кеңістігінде маңызды тарихи қадам әрі тосын шешім ретінде бағаланады. Алдағы уақытта Иран жеке еркіндік пен таңдау құқығын құрметтеу қағидасын нығайта түспек.