Иран барлық ұшақтар үшін әуе кеңістігін уақытша жапты. Алдын ала рұқсаты бар халықаралық рейстердің ғана ұшуына рұқсат берілді. Тиісті ақпаратты елдің азаматтық авиация федералдық басқармасы таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Бастапқыда шектеулер екі сағатқа енгізілгенімен, кейін бұл шаралар жергілікті уақыт бойынша келесі күнгі сағат 07:30-ға дейін ұзартылды. Бұл туралы Associated Press агенттігі жазды.
14 қаңтар күні еуропалық шенеунік АҚШ-тың алдағы 24 сағат ішінде Иранға шабуыл жасауы мүмкін екенін Reuters агенттігіне хабарлаған болатын. Бұған дейін АҚШ президенті Иран билігіне қарсы өте қатаң шаралар қабылдануы ықтимал екенін ескертті. Дональд Трамп наразылық білдірушілерге қарсы өлім жазасы енгізілген жағдайда осындай қадамға баратынын айтты.
Иранда үкіметке қарсы наразылықтар өткен жылдың 28 желтоқсанында басталды. Негізінен ел тұрғындары ұлттық валютаның құнсыздануы аясында болған қаржы дағдарысына қарсы шықты. Кейін наразылықтар саяси сипат алды.
Шерулер елдің 25 провинциясындағы 60-тан астам қаласында болды. Ең ірі акциялар елдің астанасы Тегеранда, Иранның батысы мен оңтүстік-батысындағы Малекшахи, Керманшах және Лордеган қалаларында өтіп жатыр. Иран бірнеше күннен бері интернетсіз отыр. Сондықтан елдегі ахуал туралы нақты ақпарат жоқ.
Норвегиядағы Iran Human Rights құқық қорғау ұйымының дерегіне сәйкес, наразылықтар кезінде жоқ дегенде 3428 адам қаза тапты, тағы 10 мыңнан аса адам ұсталды.