Иран билігі наразылықтар кезінде шамамен 2000 адамның қаза тапқанын мойындады

138

Иран билігі елде жалғасып жатқан жаппай наразылықтар кезінде қаза тапқандар санына қатысты алғашқы ресми мәліметті жариялады.

Иран билігі наразылықтар кезінде шамамен 2000 адамның қаза тапқанын мойындады Фото: РБК

Reuters агенттігіне аты-жөнін жарияламауды сұраған ирандық шенеуніктің айтуынша, наразылықтар барысында қауіпсіздік күштерінің өкілдерін қоса алғанда, шамамен 2000 адам көз жұмған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл – Ислам Республикасында екі аптадан бері жалғасып келе жатқан бүкілхалықтық толқулар басталғалы бері адам шығыны алғаш рет ресми түрде мойындалған жағдай.

Дереккөздің мәліметінше, билік өкілдері наразылық білдірушілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қазасына "террористік топтарды" кінәлап отыр. Алайда құрбан болғандар туралы нақты деректер мен толық тізім әзірге жарияланған жоқ.

Экономикалық жағдайдың күрт нашарлауынан туындаған қазіргі наразылықтар Иранның діни басшылығы үшін соңғы 3 жылдағы ең ауыр ішкі сынақтардың біріне айналды. Бұған дейін адам құқықтарын қорғау ұйымдары жүздеген адамның қаза тапқаны және мыңдаған азаматтың қамауға алынғаны жөнінде хабарлаған болатын.

АҚШ-та орналасқан HRANA ұйымының дерегіне сәйкес, дүйсенбі күні ел бойынша 10 700-ден астам адам ұсталған. Алайда бұл мәліметтер де ресми түрде расталған жоқ.

Сонымен қатар, Иран оппозициясына тиесілі Iran International веб-сайты наразылықтар салдарынан қаза тапқандар саны 12 мың адамға дейін жетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Басылым бұл деректер ел ішіндегі түрлі дереккөздерге, соның ішінде қауіпсіздік құрылымдары мен медициналық мекемелерге сүйене отырып жасалғанын атап өтті. Дегенмен бұл ақпаратты тәуелсіз түрде тексеру мүмкін болмаған, ал ресми органдар аталған мәліметтерді растаған жоқ.

Бұған дейін Иран билігі мұндай болжамдарды жоққа шығарып, жаппай наразылықтарды сыртқы күштер айдап салды және ұйымдасқан топтар зорлық-зомбылық әрекеттерін әдейі ұйымдастырды деп мәлімдеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу