Иран Израиль соққысынан жоғары әскери басшылық пен ядролық ғалымдардың қаза тапқанын растады

242

Бұл туралы IRNA және мемлекеттік телеарналар хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

Иран Израиль соққысынан жоғары әскери басшылық пен ядролық ғалымдардың қаза тапқанын растады Фото: IRNA

Иран билігі Тегеран мен басқа да өңірлерге жасалған Израильдің әуе соққылары салдарынан елдің жоғары әскери басшылығы мен ядролық бағдарлама өкілдері қаза тапқанын ресми түрде растады. 

Қаза тапқандар қатарында Иран Қарулы күштері Бас штабының басшысы генерал-майор Мохаммад Багери, Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Хосейн Салами және Хатам әл-Анбия штабының жетекшісі Голямали Рашид бар. Олар жекелеген әуе шабуылдары кезінде қаза тапқан.

Сондай-ақ Тегеранға жасалған соққы салдарынан екі ірі ядролық ғалым – Ислам Азад университетінің президенті Мохаммад-Мехди Техранчи мен Иран Атом энергиясы ұйымының бұрынғы басшысы Ферейдун Аббаси көз жұмғаны хабарланды.

Иранның мемлекеттік телеарнасы рухани көсем Аятолла Әли Хаменеидің кеңесшісі Әли Шамхани жараланғанын мәлімдеді.

– Бүгінгі сионистік режимнің шабуылынан жоғары мәртебелі жетекшінің кеңесшісі Әли Шамхани жараланды, – делінген ресми ақпаратта.

Израиль 13 маусымға қараған түні Тегеран мен елдің өзге қалаларында орналасқан әскери және стратегиялық нысандарға жаппай соққы жасаған. IRNA агенттігі хабарлағандай, шабуылдар тұрғын аудандарға да бағытталған. Үйінді астынан әйелдер мен балалардың мүрделері табылған.

– Қолбасшылар мен ғалымдардың қазасы – Иран халқы мен әскері үшін орны толмас ауыр соққы. Израиль бұл әрекетінің салдарын көтереді, – деді Иран қауіпсіздік құрылымдарының өкілдері.

Ресми Тегеран бұл шабуылды тікелей агрессиялық акт деп бағалап, "жан-жақты және теңсіз жауап" әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Елде ұлттық аза тұту жарияланды, әуе қорғаныс жүйелері толық дайындыққа келтірілген.

Халықаралық ұйымдар мен бірқатар мемлекеттер тараптарды сабырға шақырды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш тараптарды шиеленісті ушықтырмай, ауқымды аймақтық соғысқа жол бермеуге үндеді.

Айта кетейік, Израиль шабуылына жауап ретінде Иран жүзден астам дронды Израиль аумағына ұшырған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу