Жұма күні Израиль Иранға соққы бере бастады. "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, бұл әскери жанжал мұнайдың 100 долларға дейін қымбаттау мүмкіндігін арттырып отыр. Мәселен, Иран Израильге жауап қайтару шаралары аясында еврей мемлекетінің аумағынан тыс нысандарды көздеп, мұнай тасымалдау жолында әлем үшін маңызды қақпа саналатын Ормуз бұғазын жабуға әреттенуі ғажап емес.
Израиль Иранның ядролық объектілерін ғана емес, баллистикалық зымыран шығаратын зауыттары мен әскери қолбасшыларын атқылап, Тегеранды дұшпанына жүздеген зымыран мен дрон жіберуге мәжбүрледі. Бітіспес жаулар бір-біріне шабуылды әлі жалғастырып жатыр.
Осындай жаңалықтарға байланысты жұма күні мұнай құны бірден 9 пайызға жуық көтеріліп, 75 долларға жетті.
Тегеран Израильді дрондармен, баллистикалық зымырандармен төпелеп қана қоймай, АҚШ пен оның Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері тәрізді одақтастарының Таяу Шығыстағы әскери нысандары мен стратегиялық инфрақұрылымын көздеуі мүмкін. Сол нысандар қатарына мұнай және газ кеніштері мен порттар да кіреді.
Тегеран нысанаға алуы мүмкін ең маңызды нүкте – Ормуз бұғазы. Иран мен Оман арасындағы бұл тар дәліз арқылы әлемдік мұнайдың бестен бір бөлігі немесе күніне 20 миллион баррель энергетикалық шикізат өтеді.
"Егер бұл сценарий жүзеге асатын болса, одан мұнай бағасы күрт көтеріліп, үш таңбалы сандармен есептелуі ғажап емес. Өйткені ОПЕК мүшелері - Сауд Арабиясы, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және Ирак шикі мұнайының көп бөлігін осы бұғаз арқылы, негізінен Азияға экспорттап отыр", - дейді экономикалық шолушы Рон Боссо.
Әрине, Иранның Парсы шығанағындағы нысандарға соққылары АҚШ пен оның аймақтық одақтастарын жауап қайтаруға итермелеп, Таяу Шығыстағы онсызда тұрақсыз жағдайды тіпті ушықтыруы мүмкін.
Бірақ мұнай бағасын ұстап тұруға жәрдемдесуі мүмкін бірнеше фактор бар. Солардың бірі – Таяу Шығыстағы шиеленіс дүниежүзілік нарыққа мұнай молынан жеткізіліп жатқан шақта күшейіп отыр.
Бұған қоса, АҚШ, Бразилия, Канада, Аргентина және басқа да ОПЕК-ке кірмейтін елдердегі өндірістің өсуі соңғы жылдары Таяу Шығыстың әлемдік нарықтағы үлесін азайтты. Бұл мұнай тасымалдаудағы үзілістерден туындаған тапшылықтың орнын толтырмаса да, оны әжептәуір азайтуға көмектеседі.
Сонымен қатар, Таяу Шығыстан мұнай жеткізудің елеулі кідіруі Халықаралық энергетикалық агенттіктің стратегиялық резервтегі шикізатты босатуына да түрткі болуы мүмкін.