Ирандағы ішкі жағдайдың ушығуы халықаралық әуе қатынасына әсер ете бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ыстанбұл әуежайының ресми қосымшасындағы мәліметке сәйкес, Turkish Airlines сол күні Иран астанасына жоспарланған бес рейстің күшін жойған.
Сол дереккөзге сүйенсек, ирандық әуе тасымалдаушылары орындайтын тағы бес рейс тоқтатылған, ал жеті рейс кестеге сәйкес қалдырылған. Түркия билігі Ирандағы ахуалға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
FlightRadar деректері бойынша, бір күн бұрын Turkish Airlines компаниясының Ширазға бағытталған рейсі мен Pegasus әуе компаниясының Мешхедке ұшатын рейсі кері бұрылып, Иран әуе кеңістігіне кірмеген. Айта кетейік, Түркия мен Иран арасында шамамен 500 шақырымдық құрлық шекарасы бар, қазіргі уақытта үш шекара өткелі жұмыс істеп тұр.
Рейстердің тоқтатылуы Парсы шығанағы аймағына да әсер еткен. Reuters агенттігі Дубай әуежайларының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлағандай, жұма күні Дубай мен Иран қалалары, оның ішінде Тегеран, Шираз және Мешхед арасындағы кемінде 17 flydubai рейсі тоқтатылған.
flydubai компаниясының өкілі Reuters агенттігіне Иранға ұшулар сол күні уақытша тоқтатылғанын растады. Оның айтуынша, әуе компаниясы жағдайды бақылап, ұшу кестесіне тиісті түзетулер енгізеді. Алайда рейстердің тоқтатылу себептері нақтыланған жоқ.