Иран билігі АҚШ-тың "соңғы агрессиялық әрекеттеріне жауап ретінде" Кувейттің оңтүстігінде орналасқан Ahmad al-Jaber әуе базасындағы америкалық әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Times Israel басылымының жазуынша, шабуыл әуеайлақтағы жойғыш ұшақтар орналасқан аумаққа, спутниктік байланыс жүйелеріне және АҚШ қарулы күштерінің әскери техника сақталатын қоймаларына бағытталған.
Иран тарапы Ahmad al-Jaber базасын АҚШ армиясының аймақтағы әуе операцияларын қамтамасыз ететін негізгі стратегиялық нысандардың бірі ретінде атап отыр.
Айта кетейік, қазір Таяу Шығыста АҚШ-тың 40 мыңға жуық жауынгері шоғырланған. Бұл Американың жырақтағы әскери күшінің үштен бірі. Негізгі контингент Кувейт, Қатар және Бахрейнде орналасқан.
Кувейт АҚШ-тың маңызды логистикалық және стратегиялық нүктесі. Бұл елде 2 әуе базасы бар. Ең негізгісі Али Әл-Сәлем. Сондай-ақ 4 әскери лагерь мен Арифджан жаттығу орталығы. Бұл араб елінде 13 жарым мыңға жуық АҚШ әскериі қызмет етеді.