Иран мен Әзербайжан арасындағы жағдай шиеленісе түсті

Иран көршілес елдерге соққы жасамайтынын айтты. 

Иран мен Әзербайжан арасындағы жағдай шиеленісе түсті Фото: casp-geo.ru

Тиісінше, Әзербайжан олардың дрон шабуылын жоққа шығарғанын қабылдай алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади Әзербайжанның Нахчыван халықаралық әуежайы маңында болған оқиғаға Тегеранның қатысы жоқ екенін жеткізді. 

– Иран көршілес елдерге соққы жасамайды. Бұл оқиға мұқият тергеуді қажет етеді, – деді дипломат AnewZ телеарнасына берген сұхбатында. 

Ол Ислам Республикасының қорғаныс стратегиясы таңдамалы сипатқа ие екенін ескертті. Оның сөзінше, Иран тек өз қарсыластарының әскери базаларын орналастыруға мүмкіндік беретін мемлекеттерді ғана нысанаға алады. 

Сондай-ақ, Иран Қарулы күштері Бас штабы да арнайы мәлімдеме жасады. Олар да Әзербайжан бағытында дрондардың ұшырылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған. 
Десе де, Әзербайжанның Қорғаныс министрлігі Иранның бұл шабуылға Тегеранның қатысы бар екенін мәлім етті. 

– Иранның бүгін Әзербайжанға қарсы жасалған дрон шабуылын жоққа шығаруы қабылданбайды. Біз Иран Ислам Республикасының Қарулы күштері бұл өрескел мәлімдемелерін тоқтатып, болған оқиға үшін кешірім сұрап, кінәлілерді тиісті жауапкершілікке тартады деп күтеміз. Иран Қарулы күштеріне тиесілі 4 ұшқышсыз ұшу аппараты Нахчыван өңіріне шабуыл жасау мақсатында бағытталған. Оның бірін Әзербайжан әскері жойды, ал қалғандары азаматтық инфрақұрылымды, соның ішінде сабақ өтіп жатқан кезде орта мектеп ғимаратын нысанаға алған. Бақытымызға қарай, мектепке бағытталған дрон мақсатына жетпей, ғимараттың жанында құлап, жарылды, – делінген мәлімдемеде. 

Нахчывандағы оқиғадан соң Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев шұғыл түрде елдің Қауіпсіздік кеңесін шақыруға мәжбүр болды. 

– Әзербайжанға қарсы жасалған бұл негізсіз террор мен агрессия актісіне төзбейміз, – деді ол. 

Ильхам Әлиевтің сөзінше, болған жағдайға байланысты елдің Қарулы күштеріне жауап шараларын әзірлеп, іске асыру тапсырылды. Ол Әзербайжан өз қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін барлық қажетті қадамды жасайтынын жеткізді. 

Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығысқа Әзербайжанның араласып кетуі мүмкін екенін жаздық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу