Иран мен Оман Ормуздан түсетін табысты бөліп алатын болды

259

Бұл туралы Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілі Хосейн Мохеб хабарлады.  

Иран мен Оман Ормуздан түсетін табысты бөліп алатын болды Фото: Getty Images

Иран мен Оман Ормуз бұғазындағы кеме қатынасынан түсетін табысты бөлуге келісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алайда "АҚШ тиісті талаптарды орындамайынша, бұғаз жабық күйінде қалады" дейді. Жалпы Ирандағы соғыстың басталғанына ертең тұп-тура жарты жыл болады екен. Сағызша созылған келіссөздер нәтиже берер емес. Тараптар бір-бірінің ығына жығылатын түрі жоқ. Вашингтон енді экономикалық қысымға көшті.

Иранға қолдау көрсеткен кез келген елге санкция енгізуге ниетті екенін осыған дейін айттық. Бірақ бұл АҚШ-тың қолынан келе ме? Сұрақ осында. Өйткені Ислам Республикасына мұнай сатып алу арқылы ең ірі қолдау көрсетіп отырған мемлекеттердің бірі Қытай. Ал Бейжің Тегеранмен ара-қатынасын үзуге бейіл емес.

Иран мен Оман Ормуз жөнінде келісімге келді

Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы теңіз тасымалынан түсетін табысты бөлу және су жолын пайдалану тәртібі жөнінде бір байламға келді. Тараптар шамамен бір ай бойы келіссөз жүргізген. Қазір бұғаз Иранның бақылауында әрі ондағы кеме қозғалысы әлі де шектеулі. Тегеран Вашингтонды бітімге келу үдерісін әдейі созбақтап отыр деп кінәлайды. Егер Құрама Штаттар атысты тоқтату туралы меморандумда көрсетілген талаптарды орындамаса, Ормуз бұғазы ашылмайтынын ескертті.

Ал бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп стратегиялық су жолы миналардан тазартылғанын мәлімдеген болатын. Алайда Иранның Сыртқы істер министрлігі бұл ақпарды жоққа шығарды. 

– Парсы шығанағына Оман шығанағынан кіретін кемелер толығымен Иранның аумақтық сулары арқылы өтеді. Парсы шығанағынан Оман шығанағына қарай бағыт алған кемелер де ішінара біздің мемлекеттің аумағы арқылы жүреді. Ал қалғаны Оманның аумақтық сулары арқылы өтеді. Бұл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда түбегейлі өзгеріс. Егер Оманмен жасалған бұл келісім жүзеге асса, біз 30–60 күн ішінде қосымша келіссөздер өткіземіз. Шамамен 58 жыл бойы қолданылып келген бұрынғы бағыттың орнына жаңа тұрақты әрі орнықты теңіз бағытын белгілеу жөнінде өзара түсіністікке қол жеткізу мәселесі де талқыланады. Ал миналарға келер болсақ, Ормуздың әр бөлігінде орналасқан миналардың орнын Ираннан басқа ешкім білмейді. Ол біздің қорғаныс және шабуыл жасау мүмкіндіктеріміздің бір бөлігі, – деді Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу