Иранның 60 пайызға дейін байытылған 400 келі ураны бұрынғы орнында сақтаулы тұр.
Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Соғыс басталғанға дейін біз оларға тиіспедік. Олардың дені жер астында орналасқан. Біз қажетті жағдайлар жасалмайынша, оларды жер астынан шығармаймыз", – деді Аббас Аракчи.
Иранның СІМ басшысы 400 келі уранның қай бөлігі жарамды күйде екенін ашып айтпады.
Оның айтуынша, Вашингтон елдің ядролық нысандарына айтарлықтай соққы жасады. Шабуыл нәтижесінде ядролық нысандардың ғимараттары ғана емес, жабдықтар мен машиналар да қираған. Аббас Аракчи уран байыту технологиясы жойылмағанын баса айтты.
13 маусым күні Израиль Иранға шабуыл жасап, бірнеше күн бойы елдің ядролық және әскери нысандарын атқылады.
Тегеран қарымта жауап ретінде Тель-Авивке қарсы зымырандар мен дрондарды жіберді. Кейін АҚШ Иранның Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы ядролық нысандарына соққы жасады. 24 маусымда Израиль мен Иран арасында атысты тоқтату жөніндегі келісім күшіне енді.