Ирандағы ең ірі тұзды көл түбегейлі құрғап қалуы мүмкін

Елдегі су тапшылығы мәселесі бүгін ғана басталған жоқ. 

Ирандағы ең ірі тұзды көл түбегейлі құрғап қалуы мүмкін Фото: caliber.az

Иранның вице-президенті Мохаммад Реза Ареф су тапшылығының төндіріп жатқан зияны туралы айтып өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ол ең ірі экологиялық жобалардың бірі – Урмия көлін қалпына келтіру бағдарламасының сәтсіз аяқталғанын мойындап отыр. Оның сөзінше, соңғы 20 жылда түрлі мемлекеттік және халықаралық бастамалар іске асқанымен, көлдің су деңгейін тұрақтандыру мүмкін болмаған. 

– Соңғы 20 жылда Урмия көлін қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асырдық. Бұл іске өзге елдер де атсалысты. Қанша күш жұмсасақ та, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмадық, – деді вице-президент.

Арефтің айтуынша, көлдің тартылуы экологиялық дағдарысты тереңдете түскен. Су айдыны кеуіп, орнын тұзды және құмды алқаптар басқан соң, аймақта дауылдар жиілеп, халық денсаулығы мен қоршаған ортаға тікелей қауіп төніп отыр.

– Соңғы жылдары қаншама жоба іске асырылды, алайда көлдегі су деңгейі бірде-бір рет тұрақты түрде көтерілген жоқ, – деп қоса кетті ол.

Еске салайық, Урмия – Таяу Шығыстағы және Иран аумағындағы ең ірі тұзды көлдің бірі.

Сарапшылардың пікірінше, егер қазіргі үрдіс сақталса, көлдің түбегейлі құрғап қалу қаупі жоғары. Бұл тек экологиялық мәселе емес, мұның соңы әлеуметтік және экономикалық дағдарысқа ұласуы мүмкін. 

– Урмиядағы сәтсіздік әлем елдеріне табиғатты "жобамен емес, жүйемен" қорғау қажеттігін тағы бір мәрте еске салып отыр, – деп есептейді эколог сарапшылар. 

Урмия көлінің қазіргі жағдайы Таяу Шығыс елдеріндегі су ресурстарын басқарудағы қателіктің көрінісі іспеттес. Әлбетте, көлге құятын өзендерге бөгеттердің салынуы, ауыл шаруашылығында суды тиімсіз пайдалану және климаттың өзгеруі жағдайды ушықтыра түскені анық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу