Ирандағы соғыс жұмыссыздық мәселесін одан әрі өршітіп жіберді

Ресми деректер шамамен 2 миллион адамның жұмысынан айырылғанын алға тартады. 

Ирандағы соғыс жұмыссыздық мәселесін одан әрі өршітіп жіберді Фото: Majid Saeedi / Getty Images

Бұл статистикалық деректерді елдің Еңбек және әл-ауқат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Ирандағы АҚШ пен Израиль бастаған қақтығыс тұрғындардың жаппай жұмыстан босатылуына әкеліп соқты. 

Бір өкініштісі, жаппай қысқартулар тек әуе шабуылдарына ұшыраған кәсіпорындарда ғана емес, сондай-ақ өндіріс орындарында, бөлшек сауда мен логистика, тіпті цифрлық секторларда да байқалып отыр.

Сарапшылардың сөзінше, тұтынушылық сұраныс күрт төмендеп, халық тек ең қажетті тауарларды сатып алатын болған. Бұл өз кезегінде туризм, қоғамдық тамақтану және сауда салаларына кері әсерін тигізді. 

Сонымен қатар, интернеттің уақытша шектелуі елдің ІТ және цифрлық экономикасына айтарлықтай зиян келтірген. Бағалаулар арқылы интернеттің әр күні экономиканы ондаған миллион доллар шығынға ұшырататыны белгілі болды.

Сол секілді, мұнай-химия және металлургия кәсіпорындарына жасалған соққылардан соң мыңдаған адам жұмыссыз қалған. Жеткізілім тізбегінің бұзылуы автокөлік және тоқыма салаларына да әсер етті. 

Ресми мәліметтерге сәйкес, елдегі инфляция деңгейі 50%-дан асып жығылған. Аталған көрсеткіштің алдағы айларда одан әрі өсуі болжанады. 

Үкімет жұмыссыз қалған азаматтарды қолдау үшін шағын несие бағдарламаларын іске қосса да, мамандар бұл шаралар экономикалық дағдарыстың салдарын толық өтей алмайтынын ескертті. 
Егер қақтығыс жалғасып, санкциялық қысым күшейе түссе, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал одан әрі күрделенетіні айдан анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу