Иранмен байланысы бар қазақстандық компания санкцияға ілікті

814

Бұл туралы АҚШ-тың Қаржы министрлігі хабарлады.  

Иранмен байланысы бар қазақстандық компания санкцияға ілікті Фото: kz24.news

Қазақстандық Tour Invest компаниясы АҚШ-тың санкциялық тізіміне енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, санкция салуға компанияның Иранның Mahan Air әуе компаниясының бас сату агенті ретінде қызмет атқаруы себеп болған. Ведомство Tour Invest пен Иран арасындағы ықтимал байланыстарды санкция енгізуге негіз ретінде көрсеткен.

АҚШ тарапының мәліметінше, Mahan Air әуе компаниясы АҚШ пен Еуроодақтың қолданыстағы шектеулеріне қарамастан, Таяу Шығыс бағытында рейстерін жалғастырып, Қытайға жүк және жолаушы тасымалдауды жүзеге асырған.

Ирандық әуе компаниясы Алматыға да рейстер орындайды. АҚШ ведомствосының дерегіне сәйкес, Tour Invest компаниясы Mahan Air-дің жергілікті сату агенті қызметін атқарған.

"Біз Иран режиміне қаржылық қолдау көрсететіндер қатаң салдарға душар болатынын ескерткен едік. Бүгін сол уәдемізді орындап, Mahan Air қызметін қолдауды жалғастырған компанияларға санкция салдық. Бұл Иранның қалған әуе компанияларымен бизнес жүргізетіндердің барлығына ескерту болсын. Олардың бәрі санкцияға ілікті. Мұндай әрекеттер жаһандық қаржы жүйесінен шеттетілу қаупін арттырады", – деді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент.

Айта кетейік, Secondary sanctions risk белгісі екінші деңгейлі санкциялардың қолданылу қаупі бар екенін көрсетеді. Алайда бұл компанияға барлық шектеу автоматты түрде енгізілді дегенді білдірмейді.

Қазіргі уақытта компания АҚШ-тың санкциялық тізіміне енгізілген, ал алдағы ықтимал шаралар оның қызметінің сипаты мен жүргізген операцияларына байланысты болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу