Маңғыстау облысында республикалық маңызы бар инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқан ірі инвестордың құқықтары қорғалды, деп inbusiness.kz хабарлайды.
Облыс прокуратурасы Carlsberg Central Asia компаниясының алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт құрылысына қатысты заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етті. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 177 млрд теңгені құрайды.
Тексеру барысында кедендік рәсімдеу кезінде болашақ өндірістік кешенге арналған маңызды жабдық – электр трансформаторының уақытша кідіртілгені анықталды. Бұған декларацияны толтыру кезіндегі техникалық қателіктер себеп болған.
Аталған жағдай жобаның мерзіміне кері әсер етуі және инвестор үшін құқықтық тәуекелдер тудыруы мүмкін еді. Алайда прокуратураның араласуынан кейін жүргізілген тексеріс нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері расталмады, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз жоқ екені анықталды.
Нәтижесінде технологиялық жабдық кеденнен босатылып, өндірістік алаңға жеткізілді. Осылайша жобаның іске асырылуына кедергі болған әкімшілік тосқауылдар алынып тасталды.
Прокуратура инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнесті қорғау бағытындағы жұмысын жалғастырып келеді.